Бүгінге дейін Алматының тек бір ауданы бойынша «Бизнес бастау» бағдарламасы аясында 71 отбасы қомақты грантқа ие болды. Олар кәсібін дөңгелетіп, бүгінде атаулы әлеуметтік көмектен бас тартып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жалпы «Бақытты отбасы» орталықтарында, одан өзге, көп балалы аналарға қандай мүмкіндіктер қарастырылуда? 2020 жылдан бастап жаңа форматта тағайындалатын жәрдемақының артықшылықтары қандай?
3 бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана Мадина Бадақбайқызы асыраушысынан айрылғаны үшін мемлекеттік жәрдемақы алудан бөлек, өз кәсібін ашуға мүмкіндік алып отыр. «Бизнес бастау» бағдарламасы шеңберінде 1 ай тегін оқып, өз бизнес жобасын әзірлепті. Нәтижеде 505 мың теңге көлеміндегі грантқа қол жеткізген. Енді бұрыннан армандап жүрген әлеуметтік сұлулық орталығын ашып, аз қамтылған отбасыларға, көп балалы аналар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсетпек.
«Енді құдай қаласа, ИП ашып жүгіріп жүрмін. Бұл біз үшін үлкен мүмкіндік. Мемлекетке рахмет айтамыз осылай көмек беріп жатқандарына. Көп балалы аналарға, әлеуметтік топқа жататын аналарға өзім сияқты, жеңілдікпен мүгедек жандарға, жетім балаларға бағасы төмендетілген салон болады»,- деді Мадина НҰРҒАЗИЕВА.
Биылғы жылдан бастап мемлекет қаражатына бой көтерген тұрғын үй кешендерінің бірінші қабаттары, өз кәсібін ашқан әлеуметтік жағынан осал жандарға айтарлықтай жеңілдікпен жалға берілмек. Одан бөлек, «Іскер ана» бағдарламасы да көпбалалы аналарға зор мүмкіндіктер ашып отыр.
«Іскер ана» бағдарламасы аясында біз барлық қаржылық мүмкіндіктерімізді пайдаланатын боламыз. Бірінші кезекте Алматының микро қаржы ұйымы, бұл біздің ұйым 2 пайызбен, кепілдікпен несие береді. Егер де қандай да бір жабдық үшін болса, онда кепілсіз де несие алуға болады. Ол жағдайда жабдық құнының 20 пайызын төлейді»,- деді Қала әкімінің орынбасары, Сапарбек ТҰЯҚБАЕВ.
Бүгінгі күнге дейін Наурызбай ауданының өзінде 71 отбасы «Бизнес бастау» бағдарламасы аясында грант алды. Олар кәсібін дөңгелетіп отырғандықтан, енді мемлекет тарапынан берілетін атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж емес.
«Грант алғандардың барлығы кішігірім кәсіппен айналысып жүр. Осылайша, грант иелерінің көбі автоматты түрде атаулы әлеуметтік көмектен бас тартып отыр. Демек, мемлекеттен берілетін көмекті күтіп отырмай, азаматшалардың өздігімен нәпақа тауып, отбасы қамын ойлап жүр. Мұның өзі зор көрсеткіш»,- деді Наурызбай ауданы «Бақытты отбасы» орталығының үйлестірушісі, Светлана ПАК.
Қазіргі таңда Алматы қаласында 16 мың 386 көпбалалы отбасы бар. Оларға 1 қаңтардан бастап жаңа мемлекеттік жәрдемақы тағайындалды. Ал 2019 жылдың қорытындысы бойынша 12 183 отбасына 7 миллион теңгеден астам қаражат төленген.
Сая Меңдеке, Нұржан Оразбеков, «Алматы» телеарнасы