|
06.09.2023 | 20:16
5801

Мопед жүргізушілері енгізілген ережені неге елемейді

Алматыда мопедтердің қатысуымен жол апатынан 8 адам қаза тапқан

Мопед жүргізушілері енгізілген ережені неге елемейді Almaty.tv

Қауіпті саналатын қос аяқты мопедтерге тұрғындардың наразылығы күн санап артып барады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Желіге жүктелген жазбаларда мопед жүргізушілерінің жол ережесін бұзып, көліктерге соғылғанын көруге болады. Қос дөңгелекті тұлпарды тізгіндеген жүргізушінің қатты соққыдан ұшып кеткенін де бейнекамералар басып алған. Ал жеткізу қызметінің сөмкесін салып алған мопедші, жүргіншілер жолағында анасы мен баласын қағып өтіп, кейін өзі қашып кеткен. Одан бөлек, балалар ойнайтын алаңға шығып, ескерту берген адаммен ерегесіп тұрған сәттер де бар.

Мұндай жағдайлар қалада ғана емес, облыста да жиі кездеседі. Куәгерлердің айтуынша, жоғары жылдамдықпен келген мопед тоқтай алмай көлікке соғылған. 18 жастағы жүргізуші ауруханада жан тапсырған.

– Мопед машинаны майыстырып, терезесін сындырған. Ол қандай жылдамдықпен жүрген? Басы жалаңбас, әкесінің салып берген жолы жоқ қой, – деді зардап шегуші Жанар Тұрғанбаева.

– Түнімен жүреді. Жұмыстан шаршап келе жатқанда алдыңнан шығып, қабаттасады. Жас балалар ешқандай ережені білмейді. Бірақ мопедті тоқтатпайды, – деді Бесағаш ауылының тұрғыны Айгүл Әлдибекова.

– Биыл жол ережесін өрескел бұзған 5867 мопед жүргізушісі жауапкершілікке тартылды. Жеткізу қызметімен айналысатын азаматтың қорапшасынан қару тәркіленді, – деді ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Мәселен мынау мопед қала ішінде сағатына 80 шақырым жылдамдықты оп-оңай еңсереді. Қауіпсіздік қағидасын сақтамасаң, ауыр жарақат аласың, қайғылы жағдай болуы да мүмкін.

– Апат болғанда адам құлайды. Сол кезде басымен жарақат алса, өліп кетуі де мүмкін. Ережені бұзбай жүріңдер. Бәрі жақсы болады, – деді мопед жүргізушісі Едіге Дидар.

Енгізілген ережелерді елегісі келмейтіндер де бар. Жеткізу қызметінде істейтін азаматтың айтуынша, мопедтерге мемлекеттік тіркеу міндеттелгені дұрыс емес.

Алматыда 8 айда мопедтердің қатысуымен 223 жол апаты болып, 8 адам қаза тапқан. 240 адам жарақат алған. 

Айта кетейік, 1 қыркүйектен бастап жүргізілген рейдте  23 азамат жауапқа тартылыпты.

Әлібек Шынтемір Ғани Қалуов, Сағынтай Мұңайтпасов, «Алматы» теларнасы

Оқи отырыңыз: БҚО-дағы атыс: бүлдіршінге ота жасалды

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир