Алматы облысындағы дамыту орталығының ұстаздары жалақысын ала алмай жүр

Almaty.tv
Almaty.tv
Орталық директор ұстаздар мен ата-аналарға 12 миллионнан астам берешек
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысында ұстаздар 4 айдан бері жалақысын, ал ата-аналар алдын-ала төлеген оқу ақысын ала алмай жүр. Олар «дамыту орталығы жабылып тынды, бірақ директор қарыз соманы қайтарар емес» деп шағымданды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Өтеген ауылындағы дамыту орталығында қызмет еткен бір топ ұстаз қыркүйек айынан бері еңбек еткен. Осыған дейін айлығын жырымдап алып жүргенге риза болған олар соңғы 4 айдан бері директор жалақыны төлемей, қашып жүргенін айтады.  

«Ешқашан уақытында айлық алған адам емеспіз. Әрдайым ұрыспен, керіспен айлық алып жүрдік. Мәселе ақшада да тұрған жоқ, келесі жылы тағы басқа жерден ашып, алдауы мүмкін ғой. Зардап шеккен мұғалім, ата-ана өте көп», – деді қызметкер Шәкен Толыбаева

Дамыту орталығының директорынан ақшасын өндіре алмай жүргендер қатарында ата-ана да бар. Олардың айтуынша, директор оқу орталығына жылдық ақыны бірден төлеген жағдайда жеңілдік жасаған екен. «Қаражат үнемдейміз деп жүргенде, мұндай жағдайға тап боламыз деп ойламадық» дейді ата-аналар.

«35 мыңнан акция болды. Демек, бұл жеңілдік бір жылдың оқу ақысы толық төлегендерге арналған. Ай сайын 50 мың теңге. 35 мыңнан бір жылға мен де, қайын інім де толық төлеп тастадық. Бізден басқа да қаншама ата-ана бар. Олар жұмыс болған соғ мүнда келе алмады», – деді ата-ана Бибізада Бекметова

200 шақты баланы оқытқан дамыту орталығы жабылып тынған. Өйткені, жалдау ақысын төлемегендіктен, нысан иесі есікті бекітіп, мөрлеп тастапты. Директор оған 1 жарым миллион теңге берешек екен. Бүгін біраз уақыттан бері жабық тұрған орталықтан ата-аналар жапа тармағай заттарын алуға асықты.

Халық алдына көптен бері төбе көрсетпей, телефонға жауап бермей жүрген директордың өзі келіп, көпшілік алдында ақталуға тырысты. Айтуынша, орталық табыс әкелудің орнына, шығынға батырғанын айтып, жылап жіберді. Әбден тығырыққа тірелген ол Іле аудандық білім бөліміне үміт артып отыр.

«Өнер спортын ұсынған ата-анаммен бірге білім бөлімі Қаткеева Ләззат Жақыпқызының кабинетіне бардым. Табыс 50/ 50 болады деп ойладым. Ол бас есепшінің нөмірін берем деді. Кейін білдік күйеу баласы екен. Арсенге ата-анадан алып, 200 мың жібердім», – деді дамыту орталығының директоры Ботагөз Құсайынова.

Іле аудандық білім бөлімінің басшысы қазір ауырып жатқандықтан, жұмыста жоқ. Оның орнына шыққан бас маман кездесудің болғанын растағанымен, ауызбастырыққа қатысты деректі жоққа шығарды. Олар «қарызға белшесінен батқан дамыту орталығының директоры не істерін білмей, былыққа бізді де батырмақ» дейді. Жала жапқандармен заң тұрғысында сөйлесетінін жеткізді.

«Біз ресми түрде бұл ақпараттың жалғанын екенін айтамыз. Бөлім басшысы бұл сұрақты шешуде ешқандай көмек көрсетіп немесе бағдарлама бойынша өтуге ықпал жасауға уәде бере алмайды. Өйткені, бұл сұрақ білім бөлімінің құзырында емес. Маған белгілісі, осы мәселемен спорт басқармасы айналысады. Бұл біздің аудандық емес, облыстық деңгейде шешілетін мәселе», – деді Іле аудандық білім бөлімінің бас маманы Ботагөз Төлеубекова.

Директор ұстаздар мен ата-аналарға 12 миллионнан астам берешек. Бірақ бұл сомманы қалай өтейтінін нақты айта алмады. Оның уәдесіне әбден тойдық деген ата-аналар тура орталықтың алдына тәртіп сақшысын шақырып, жаппай арыз жазды. Олар осыған дейін аудандық сотқа да шағымданыпты. Енді Өтеген ауылының тұрғындары прокуратураға да хат жазбақшы.

Жадыра Омаржан, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров