Әскер соғыс уақытында маңызды мемлекеттік және стратегиялық нысандарды күзетеді
Елімізде аумақтық қорғанысқа келісімшарт бойынша қызмет ететіндерді қабылдау науқаны басталды. Оған 18-32 жас аралығындағы әскери билеті бар Қазақстанның барлық азаматы шақырылмақ, деп хабарлайды Almaty.tv.
Құзырлы органдағылардың айтуынша, қатарға алынғандарға заңға сәйкес міндетті жалақы төлеуден бөлек, тегін медициналық қызмет көрсетіледі. Сондай-ақ демалыста болған кезінде айлықты сақтау және мемлекет есебінен санаторий немесе курорттық жерде емделу кепілдігі берілмек. Яғни оларға жеңілдіктің барлық түрі қарастырылады. Биыл Алматы қаласындағы аумақтық қорғаныс бригадасына 70-ке жуық адам тарту жоспарланған.
Айта кетсек, бұл әскер соғыс уақытында маңызды мемлекеттік және стратегиялық нысандарды күзетуге, төтенше жағдай режимінде құтқару жұмыстарын жүргізуге арналған.
– Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің 2024 жылғы жауынгерлік дайындық жоспарына сәйкес, арнайы тактикалық оқу-жаттығу өткізуді дайындау және соған келген әскери міндеттілерді үйрету, оқыту, олардың кәсіби біліктілігін арттыру, әр-түрлі әскери пәндер бойынша сабақтар жүргізеді, – деді Аумақтық қорғаныс бригадасының 99200 әскери бөлімінің командирі Ержан Рымбек.
Оқи отырыңыз: Қарызсыз қоғам: Алматыда 600-ден астам адам жобаға қатысты