Астана жылыту маусымына дайын ба

01.09.2023 00:54

Үкімет отырысында 4 облыстың жылыту маусымына дайын еместігі айтылды

ашық дереккөз

Астанадағы үшінші жылу электр орталығының құрылысы кешіктіріліп жатыр. Тамызда іске қосылатын нысан жұмысын желтоқсанда бастайды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Сырт келбеті келісті көрінген бұл тұрғын үй кешені осыдан 2 жыл бұрын қолданысқа берілген. Содан бері халықты жылу мәселесі мезі етіп келеді. Мұндағы баспаналар орталықтандырылған жылу жүйесіне әлі қосылмаған. Мәселені автономды қазандықпен шешпек болған әкімдік азаматтарға керісінше түйткіл тауып берген көрінеді. Көпшілік «биыл қыста тағы қиналып қалмаймыз ба ма?» деп алаңдап отыр.

– 2021 жылдан бері автономды қазандыққа қосылып отырмыз. Яғни, газды өзіміз сатып алып, қосып отырмыз. Қыста тиімсіз, қымбат болды, – деді қала тұрғыны Ернар Оразалиев.

– Өткен жылы газ қымбат болды. Өзіміз сатып алдық. Биыл орталықтандырылған жылуға қосады деп үміттенеміз. Мен екі бөлмелі пәтерде тұрам, айына 40 мың теңге төледім, – деді қала тұрғыны Гүлнәр Шаяхметова

Бас қалада күн суытты. Шаһар жылыту маусымына толық дайын деуге келмейді. Өткен жылғы жылуға тарыққан халықтың жан айқайынан әкімдіктегілер де хабардар. Әу баста көктем шыға сала мәселені жаңадан салынып жатқан ЖЭО шешеді деп сүйіншілеген еді. Енді міне ол ойлары іске аспады. Талайдан бері қараша күткен энергетикалық нысан желтоқсанда қосылатын көрінеді.

– Жылыту маусымына дейін қуаты сағатына 1130гк құрайтын үшінші ЖЭО-нің бірінші кезегінде екі газ жылу стансалары құрылысын аяқталады. Бұл жылу электр энергия профицитін қалыптастыруға мүмкіндік береді, – деді Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек

Қазіргі қолданыстағы қос нысан қала тұрғындарын жылумен толық қамтуға қауқарсыз. Тапшылықты шешу үшін 13 жыл бұрын үшінші ЖЭО-ның құрылысы басталған. Желтоқсанда іске қосылса, 3400-ден астам тұрғын үй жылумен қамтылады.

– Кестеге сәйкес, екі қазандықты 15 қазанда, ал қараша және желтоқсан айында екі қазандықты қосу жоспар бар. Ол шамамен 4 млн шаршы метр тұрғын-үй коммерциялық нысанды қамтуға күші жетеді, – деді Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы бөлім басшысының міндетін атқарушы Рахымжан Алтынбеков.

Астана ғана емес, биыл қыста біраз өңірде қиындық туындауы мүмкін. Апта бұрын Үкімет отырысында 4 облыстың жылыту маусымына дайын еместігі айтылды. Бұл қатарда алты ай қысты өткеретін шығыс өңірлері бар. Дәлірек айтсам, жоспарланған жылу желілерін жаңарту жұмыстары әлі бел ортасына жетпеген. Оған бөлінген қаржыны да игеріп үлгермеген. Коммуналдық саладағы шатыры шіріп, іргесі іріп, құбыры құрып құрдымға кеткенше қолданылып келген нысандарды жаңартуға кемі бір 10 жыл кететін сыңайлы.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Есентай өзеніндегі көпір түнгі мезгілде жөндеуге жабылады