Білім және жастар саясаты басқармасына Ассамблея қызметін түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырамын. Алматы қаласы әкімінің орынбасары ҚХА кезекті XXY сессиясында осылай деді. Арман Қырықбаев бұл іс-шара қалалық консультативті-кеңесші орган жұмысын жетілдіруде серпіліс беретінін де тілге тиек етті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жиын барысында мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру жайы сөз болды.
– Қала халқының 30 пайызын құрайтын жастарға көп көңіл бөлу керек. Олар қоғамда болып жатқан кез келген мәселеге белсенді араласады. Ұлтаралық қақтығыстарды болдырмау мақсатында оларды рухани байытуымыз керек. Қазақстан – біздің ортақ үйіміз. Сол себепті ұдайы бейбітшілік пен бірлікке үндеуіміз қажет, – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев.
Іс-шараға Алматы қаласы аудандары әкімдерінің орынбасары, қалалық басқармалардың басшылары, Алматы қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелері мен республикалық және қалалық этномәдени бірлестіктердің төрағалары қатысты. Жиында бүгінгі сессияның маңызы айтылды.
– Біздің міндетіміз – ұлтаралық келісімді, бейбітшілікті насихаттау. Жұмысымыздың маңызды бөлігі - осы. Біз Алматы қаласы тұрғындарының тыныш әрі тату өмір сүруін қамтамасыз еткіміз келеді, – деді қалалық ҚХА төрағасының орынбасары Всеволод Лукашев.
Оқи отырыңыз: Ғылыми тілді дамытудың тың тетіктері: Алматыда ғалымдар бас қосты