Құс тұмауы: СҚО-да тағы 6 ауыл карантинге жабылмақ

almaty.tv
almaty.tv
Өңірге арнайы келген комиссия қауіпті індеттің жабайы құстардан тарағанын растады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Солтүстік Қазақстан облысында құс тұмауы 7 аудандағы 11 елді мекенде анықталса, енді тағы 6 ауыл карантинге жабылмақ. Өңірге арнайы келген комиссия қауіпті індеттің жабайы құстардан тарағанын растады.

Облыстағы Almaty.tv тілшіcінің хабарлауынша, құстардың жаппай қырылуы әлі де жалғасып жатыр.

Якорь ауылының тұрғыны  Жаңалық Салғарин бес жылдан бері қаз өсіріп күн көруде. Төрт күн ішінде 870 қазы кенеттен қырылып қалды.  Айтуынша, 2 миллион теңгеге жуық шығынға ұшыраған.  Енді бар үмітін, мемлекет уәде еткен төлемақыға артып отыр.    

«Осы құсты сату барысында 6-7 миллион табу керек едік. Соған енді мемлекет тарапынан компенсация болады деп отыр. Ол компенсация орта айлық есептік көрсеткішке қарағанда орташа қаздың бағасы бойынша төленеді деп отыр. Бірақ әлі ешкім түсіндіріп айтқан жоқ. Өйткені бәрі процесте болып отыр», – деді Якорь ауылының тұрғыны Жаңалық Салғарин.

Инфекция ауылдың барлық құстарына таралып отыр. Қауіпті індет салдарынан Нина Белопухованың  100 қазысынан 17-сі ғана қалған. Зейнетақысына алған құстары  қырылып, шығынға белшемізден баттық деп көзіне жас алды қария.  

«Міне, мынау қалған қаздар. Ең мықтылары шығар. 80-90 құсымыз қырылып қалды. Олар өлген кезде өзіміз жою жұмыстарымен айналыстық. Өйткені бізге ешкім ештеңе айтпады. Не болып жатқанын түсінбедік», – деді Якорь ауылының тұрғыны Нина Белоухова.

19 қыркүйекте облыстағы 7 ауданның 11 елдімекенінде жоғары патогенді құс тұмауы анықталып, олар карантинге жабылды. Қазіргі таңда тағы 6 ауыл карантинге жабылмақ.

«Өтемақыны комиссия қарастырып шешім қабылдайды.  Орта айлық нарықтық баға бойынша төленеді. Жалпы жыл басынан 600 мың құс вакциналанды. Қазіргі таңда біз республикалық қордан  873 мың доза вакцина алдық. Осы вакцинамен біздің ветеринарлық мамандар аудандарда егу жұмыстарын баспа жүргізіп жатыр», – деді облыстық ветеренария басқармасының басшысы Берік Әлжанов.  

Аса қауіпті індет анықталған елді мекендерде республикалық және облыстық ветеринария мамандарымен құстардың өлекселерін жою, үй-жайлар мен аула аумақтарды дезинфекциялау жұмыстары  жүргізілуде.

Новости партнеров