Жалған чек: Алматыда алаяқтықтың жаңа түрі пайда болды

10.09.2022 00:55

Жалған чек жасағандар 2 жыл бас бостандығынан айырылады

Almaty.tv

Алматыда интернет алаяқтық өршіп тұр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жыл басынан бері мыңнан аса тұрғын сан соғып қалған. Әсіресе жалған чекті қолдан жасау оңай болып кеткен. Тәртіп сақшыларына алданғандар санын анықтау қиынға соғады дейді. Өйткені зардап шеккендердің көбі арыз жазуға бара бермейді екен. Адамнан айла артылмайды. Алдаудың тәсілі шексіз деген прокурорлар қазір төленгенді растайтын жалған чек көрсетіп, сан соқтырып кететіндер көп дейді. Басқа тәсілдерге қарағанда соңғы шыққан бұл әдіс ұялы телефонның көмегімен жасалады. Ал ақша аударымдары туралы дәлел келесідей жүзеге асады екен. Ол дүкенге кіріп, қалаған тауарын алады, сатушының жеке дерегін нақтылап алады. Кейін әлеуметтік желідегі сілтемеге кіріп, ақшаны кімнің атына қай уақытта жіберетінін белгілейді. Дәл сол сәтте қосымшадағы түбіртек шыға келеді. Айлакер телефондағы төлем жасалды деген чекті көрсетіп, дүкеннен шығып кетеді. Осылайша ол қылмыс жасаған жерден бой тасалайды. Алданғандардың бірі - біздің кейіпкер.

«Менен телефон аламын деп 210 мың теңгеге алдап кетті. Бірақ мен арыз жазамын деп бармаппын. Өйткені көп жағдайда оларды табу қиынға соғады. Оны іздеп табу мүмкін емес деп ойладым. Дегенмен ол табылды. Прокурорлар көмектесіп, алаяқтың ісі дәлелденді. Кейін материалдық шығынды толықтай өтеп берді», – деді зардап шегуші.

Мәселен бір ғана Алатау ауданында қазірдің өзінде интернет алаяқтық бойынша 3 қылмыстық іс тіркелді. Оның екеуі сотқа жіберіліп, үшіншісі бойынша шешім енді шығады. Ұсталғандар бас бостандығынан айырылып, жазаларын түрмеде өтеп жатыр. Бүгінде интернет желісіне салынған сілтемелерді жою, оны ел аймағында таратуға тыйым салу қолға алынған. Айта кетейік, жалған чек жасағандар Қылмыстық кодекстің 190-бабы бойынша 2 жыл бас бостандығынан айырылады.

«Прокуратура тарапынан күнделікті біз интернет желісін мониторить етеміз, саралаймыз. Соның ішінен осы жаңағы орнатылып жатқан фактілер ғой. Қосымша жаңағы адамдардың арыздары. Өздері шағымданып жатқан. Қазір тосқауыл қою мәселесі бойынша біз өз тарапымыздан прокуратура тарапынан прокурорлық актіден енгіздік. Қазір сотта қаралып жатыр. 5 интернет желісі бар телеграм ботқа байланысты. Олардың бәріне тоқтау саламыз», – деді Алатау ауданының прокуроры Ізбасар Масақбаев.

Прокурорлар интернет алаяқтықты болдырмау мақсатында банктің бас офистерімен бірігіп, жоспар әзірлеп жатыр. Егер қос тарап ұтымды шешім тапса, бұған тосқауыл қойылмақ.

Жадыра Омаржан, Рустам Аралбаев, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы