«Ауылымыздағы жалғыз мектептің құрылысы тұралап тұр». Алматы облысы Талғар ауданына қарасты Нұра елдімекенінің жұрты былтыр жазда күрделі жөндеуге жабылған білім ошағының мерзімінде бітпегеніне наразы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұл – Күрделі жөндеуі былтыр маусымда басталған Нұра ауылындағы жалғыз мектептің осы. Білім ордасы жайлы мердігер компания да, білім басқармасы да мүлдем ұмытқан секілді. Себебі құрылыс кешігіп жатыр. Бірақ жауапты компания «1 қыркүйекке дейін жұмыс аяқталады» дейді. Ал жаңа оқу жылының басталуына 30 күн қалды.
– Мектеп 2023 жылы жөндеуге жабылған. Талғар ауданы, облыс әкімі келіп, «мамырда құрылыс аяқталады» деп уәде берген. Егер қыркүйекте жұмыс бітпесе, балаларымды сабаққа жібермеймін, – деді Нұра ауылының тұрғыны Ләззат Мұхамедкерімова.
Нұра ауылының 1134 оқушысы мен 113 мұғалімі былтырғы оқу жылын тарыдай шашылып, бір ауылдан екінші ауылға көшумен өткізген. 800 бала көршілес Туғанбай елдімекеніндегі мектепке қатынап оқыса, қалғаны әкімдік ғимаратының тар дәлізінде білім алған.
– Жоспарланған 5-6 сабақ болса, соның 2 сабағын өтпейді. Демек, ауылдың балалары сапалы білім алуға мүмкіндігі болмады. Ойлаңыздар, 1200 бала бір жыл бойы сапалы білім алмаса, олардың болашағы не болмақ? – деді Нұра ауылының тұрғыны Ахмет Оразбаев.
Елдімекендегі жарты ғасыр бұрын бой көтерген жалғыз мектеп алғаш рет күрделі жөндеуге жабылып, оның өзінде жоспардан кешігіп жатыр. Қазір жұмыстың тек 60 пайызы біткен. Ал құрылысқа жауапты мердігер компания өкілдері «шаруаның тұралап қалғанына қаржы қолбайлау болды» деп ақталды.
– Қаражат жағынан проблема болып тұр. Басшылық шешуге тырысып жатыр. Жұмысшылар 2 кезеңге бөліп, 1 қыркүйекке дейін мектеп құрылысын аяқтауға тырысамыз, – деді мердігер компанияның учаске басшысы Марат Қожақұлов.
Үш қабатты мектептің құрылысына жауапты компания мен облыстық білім басқармасының арасында қазір сот процесі жүріп жатқаны да белгілі болды. Ендігіде ісіне салғырт қараған мердігерге қатысты қатаң шара қолдану ұсынылмақ.
Тоғыз ай тұралап, мерзімінен кешігіп жатқан жобаға 1 млрд 10 млн теңге бөлінген. Талғар ауданының әкімдігі бұл мәселені ерекше назарға алып, жұмысты қадағалауға уәде берді.
– Аудан әкімі, облыс әкімі осы жерде жүр. Бұл кісілерге жұмыс жоспарын жасап, қолына беріп жатыр. Жауапты мамандар бүгіннен бастап осында болады. Балалар сабақты дер кезінде оқиды, – деді Талғар ауданы әкімінің орынбасары Айбек Бидаев.
Қыруар қаражат бөлінген Нұра ауылындағы жалғыз мектептің жаңа оқу жылына сақадай сай болатынына ауыл тұрғындары сенбейді. Себебі жергілікті халықтың арманына айналған жаңа білім ордасының нақты қашан қолданысқа берілетіні әлі де белгісіз болып отыр.
Әйкерім Пернебек, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы, Алматы облысы
Оқи отырыңыз: Әйелін өртеп жіберген Тараз тұрғыны өзіне қол жұмсады