СҚО-да әйелдер колониясында ұлулар терапиясы қолданылады

СҚО-да  әйелдер колониясында ұлулар терапиясы қолданылады
Түзету мекемесінде қазір 6 үлкен, 3 кішкентай ұлу бар
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Солтүстік Қазақстан облысындағы әйелдер колониясында ұлулар терапиясы қолданылады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Аталған жәндіктер психологиялық тренинг кезінде пайдаланылады екен. Мекеме қызметкерлерінің айтуынша ұлулар жазасын өтеп жатқан әйелдерге жүйке жүйесін қалпына келтіруге көмектеседі. Колониядағы психологиялық жаттығудың жаңа түрімен сол өңірдегі әріптесіміз танысып қайтты.

Анжела Дужик үш жарым жылға сотталған. Айтуынша, жұмсақ денелі жәндіктермен жаттығу жасау ұнайды. Айына үш рет өткізілетін психологиялық тренингке үзбей қатысамын дейді. Омыртқасыз жәндіктермен өткізілетін психотерапия тыныш әуенмен сүйемелденеді. Жазасын өтеушілер ұлуларды қолдарына алып, түрлі жаттығулар жасайды.

«Ұлуларды қолыңа алғаннан кейінгі әсер ерекше. Бірден тыныштық күйге енесің. Оларға қарасаң, олар да саған байсалды көрінеді. Өзің де сондай күйге енесің. Жан дүниеңде тыныштық орнайды. Бостандыққа шыққанда ұлуларды өсіруді ойлап отырмын. Туыстарыма қандай әсер алатынын көрсеткім келеді», – деді  жазасын өтеуші  Анжела ДУЖИК.

Психологтардың айтуынша, тренинг кезінде ұлулар адам бойындағы қобалжу, шаршау сияқты психологиялық эмоцияларды қалпына келтіру үшін қолданылады. Жаттығу 1 жарым сағатқа созылады. Бір тренингке шамамен 6 сотталушы қатысады.  

«Әрине, психологиялық терапия кезінде түрлі эмоция болады. Тренинг кезінде кейбіреуі жылайды, біреуіне күлкілі болады. Ал біреуі жай тыныш отырып демалады», – деді психолог

Гүлжан СЕКСЕМБАЕВА.

Түзету мекемесінде қазір 6 үлкен, 3 кішкентай ұлу бар. Жәндіктерге мекемедегі әйелдер өздері күтім жасайды.

«Алдағы уақытта ұлулардың санын көбейтеміз. Қазір олармен қалай жұмыс жасап көбейтуді  зерттеп жатырмыз. Олардың әр жасақта болғанын қалаймыз», – деді ЕС 164/6 түзету мекемесінің бөлім басшысы  Оксана ВЫШАР.

ЕС 164/6 түзету мекемесі  Қазақстан бойынша ұлулармен психологиялық тренинг өткізетін  алғашқы мекемелердің бірі. Қазір бұл жерде  211 сотталған әйел жазасын өтеп жатыр. 

Новости партнеров