Қаңтар оқиғасында күдікке ілінген 893 адамның 792-сі қамауға алынған. Бұл туралы Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев ҚР Парламент Мәжілісіндегі адам құқықтары мәселесіне арналған дөңгелек үстелде айтты. Оның айтуынша, ұсталғандардың ісі арнайы прокурорлардың бақылауына алынған. Сонымен қатар, жаппай тәртіпсіздіктерден кейін ұсталғандарды азаптау, билікті асыра пайдалану фактілері бойынша 130-дан астам қылмыстық іс қозғалған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қазір Ішкі істер органдары қаңтар оқиғасына қатысы бар деген 792 адамды қамауға алған. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша террористік актілердің, жаппай тәртіпсіздіктердің себептері мен ұйымдастырушыларын анықтау жұмыстары Бас прокуратураға жүктелген.
«Қазіргі таңда ішкі істер органдарында 2,5 мыңнан астам қылмыстық іс тергеліп жатыр. Оның негізгі бөлігі тонау мен ұрлыққа қатысты. Қылмыс жасады деген күдікпен уақытша ұстау изоляторына 893 адам жеткізілді. Соның 792-сі қамауға алынды. Ұсталғандардың кінәсі қолды болған, зақым келген мүлік түріндегі тәркіленген заттай айғақтардың, видео, фотоматериалдардың және тергеу органдарының басқа да процессуалдық шараларының көмегімен дәлелденіп жатыр», - деді ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев.
Депутат Снежанна Имашева көбі жақындарынан еш хабар ала алмайтынына арызданатынын жеткізді. Бұл ретте бас прокурордың орынбасары Ерлік Кененбаев ұсталғандар өз туыстарына қайда екенін айтуға құқылы екенін мәлімдеді.
«Әр шағымды мұқият тексереміз. Заң бойынша егер адам ұсталса, ол өз туыстарына хабар беруге құқылы. Сондай-ақ оған адвокат беріледі. Жай ғана қамап тастау деген болмайды. Бұл жайлы ақпаратты асыра сілтеп жіберген. Тергеу органдары әр ұсталған азамат бойынша адвокаттың қатысуымен қажетті шаралар жүргізеді, оған туысқандарына айту құқығы беріледі», - деді ҚР Бас прокурорының орынбасары Ерлік Кененбаев.
Сонымен қатар Қазақстанда жаппай тәртіпсіздіктерден кейін ұсталғандарды азаптау, билікті асыра пайдалану фактілері бойынша 133 қылмыстық іс қозғалған. Осы ретте Ерлік Кененбаев тергеу хаттамаларын бейнежазбамен бекіту тәсілін енгізуді ұсынды.
«Тергеу туралы айтсақ, ол бейнекамерамен жабдықталған арнайы кабинетте қорғаушының қатысуымен өтуі керек. Қылмыстық процестердің ашықтығы үшін тергеу әрекеттерінің бейнехаттамасын енгізу бекіту орынды болады. Бейнехаттама тергеу шарасының қорытындысы мен барысын бұрмалауға жол бермейді», - деді ҚР Бас прокурорының орынбасары Ерлік Кененбаев.
Дөңгелек үстелге қатысқандар құқық саласындағы өзге де мәселелерді атады. Мысалы, қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарын бұзу 6 есе өскені айтылды. Ал Мәжіліс депутаты Айбек Паяев кәмелетке толмағандардың жазасын өтеу мекемелерін Білім және ғылым министрлігінің құзырына беруді ұсынды.
Қаламқас Нысанбай, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан