Серік Жұманғарин зиянкеске қатысты айтқан сөзіне түсініктеме берді

Almaty.tv
Almaty.tv
Премьер-министрдің орынбасары диқандардың еңбегіне жанашырлық танытты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Шегіртке жеуге жарамды деп айтпадым». Егістікті жаппай жайпап жатқан жәндікке қатысты шуға Премьер-министрдің орынбасары түсініктеме берді. Қоғамның қызу талқысына түскен «шегіртке халал» деген сөзін Серік Жұманғарин қалжың үшін айттым деп ақталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Аңдамай сөйлеп, елдің сынына қалған Үкімет басшысының орынбасары сол күнгі әңгімесін басқаша баяндады. «Шегірткені жеуге кеңес бермедім» деген шенеунік ойын дұрыс жеткізе алмағанын айтып ағынан жарылды. «Азық-түлік қауіпсіздігі толықтай сақталған елде тұрамыз» деп сөйлеген Серік Жұманғарин диқандардың еңбегіне жанашырлық танытты. Зиянкеспен күреске білек сыбана кірісіп кеткенін де айтып қалды.

– Әңгіме барысында оның халал өнім екенін айттым. Алайда жеуге жарамды деген жоқпын. Өздеріңіз білесіздер, бізде азық-түлік қауіпсіздігі қамтамасыз етілген. Мен кейде көңіл көтеру үшін де осындай сөздер айтамын. Қазір зиянкеспен күрес Жетісу, Түркістан облыстарында қарқынды жүріп жатыр. Бұл іске 2,5 мыңнан аса адам жұмылдырылған, – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары Серік Жұманғарин.

Жоғары палата төріне бұрынғы Үкімет басшысы Әлихан Смайылов келді. Еліміздің Жоғары аудиторлық палата төрағасы былтырдан бері сұраусыз кеткен миллиондар мен миллиардтардың есебін айтты. Оның ақпарынша, квазимемлекеттік секторлардан игерілмеген 383 миллиард теңге анықталыпты. Қомақты қаржының мақсатты жұмсалмағаны жылдық қорытынды есепте белгілі болған. Әлихан Смайыловтың сөзінше, қажеттілікке бағытталған қаражат жылдап тиісті жерге жұмсалмай, қап түбінде қалып қоя береді. Ол «мұндай олқылыққа жол берілмеуі керек» деді. Жоспарлау кезінде шамадан артық, «өзі тойса да, көзі тоймай» сұралған әр тиын үшін жауап алынатынын жеткізді.

– Квазимемлекеттік сектордың бюджетті жоспарлау және оны орындау кезінде қаражатты игермегені және төмен нәтижесі үшін мемлекеттік органдармен тең дәрежеде Парламент алаңында жауап беретін уақыты келді. Қаражатты бақылау шоттарында жылдар бойы жинақтауды тоқтату қажет, – деді ҚР Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов.

Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы «ел қазынасын үнемдеу керек» деп қалды. Бүгінде мемлекет қарызы 27 трлн теңгеден асқан. Бұл берешек ішкі өнімнің 22,8 пайызын құрайды. Әлихан Смайылов «Үкіметтің борыштық міндеттемелерін кезең-кезеңімен төмендету керек» деп атап өтті.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Елімізде шегірткеге қарсы күрес күшейтілді

Новости партнеров