Таразда тұрғындар құдықтан су ішіп отыр

Almaty.tv
Almaty.tv
Жауаптылар кәріз мәселесі қаржыға байланысты екенін айтты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Тараз қаласының қақ ортасында орналасқан көше инфрақұрылымнан жұрдай. Мұндағы 300-ге жуық тұрғын әлі күнге таза ауыз су желісіне қосылмаған. Ал жолы 40 жылдан бері жөнделмеген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қала орталығындағы тұрғындар әлі күнге құдықтан су ішіп отыр. 1 шақырымдық бір көшеде небәрі 3 қана ауызсу алар орын бар. Оның өзінен тіршілік нәрінің шығуы қиын. Қыстыгүні су қатса, жазда мүлдем тартылып қалатын көрінеді. Сондықтан тұрғындар кей күндері ауыз суды тасып ішуге мәжбүр.

– Әр үйге кіріп, қалай тұрып жатқанымызды көрсін. Су жоқ. Түнде кір жуамыз түнде, балаларды шомылдырамыз. Не ұйқы, не күлкі жоқ, – деді қала тұрғыны Мейрамкүл Тортаева.  

Тұрғындар орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылу үшін басқа көшеден өз қаржысына құбыр тартуы керек. Ол үшін әр үй 500 мың теңгеден жинауға міндеттеліпті. Бірақ олар «бұл сома қалтамызға едәуір салмақ салады» дейді. Ал ой-шұңқыры көп көшеге асфальт соңғы рет 1980 жылдары салынған. Тұрғын үйлер кәріз жүйесіне жалғанбаған. Сондықтан кей жердің сарқынды суы жер бетінде көлкіп жатыр. Ал жауаптылар кәріз мәселесі қаржыға байланысты екенін айтты. Қордаланған жайттың шешімі шығуы үшін бюджеттен қаражат қарастырылса, жеткілікті.  

– Кәріз тазарту құрылысы мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр. Құрылыс жұмысы 2025 жылы басталады. Қала аумағындағы көшелерді кәріз жүйесіне қосу назарға алынатын болады, – деді қалалық Түкш бөлімінің бас маманы Серік Тұрғын.

Шаһардағы ауыз су мен жолдың мәселесі биыл шешілуі мүмкін. Жауапты бөлім жоба жасауға кірісіп кетіпті. Ал су құбыры мен жол жайы қаржы мен уақыттың еншісінде. Ақпар үшін айтайық, Таразда 4 саяжай мен шалғай жатқан 7 тұрғын үй алқабы кәріз жүйесіне жалғанбапты.

Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай, «Алматы» телеарнасы, Тараз

Оқи отырыңыз: Кәмелетке толмаған азамматтар қайда жұмыс істей алады

Новости партнеров