Қаңтарда жасалған қылмыс бойынша 5 мың 300 қылмыстық іс қозғалған
Қаңтар оқиғасының негізгі ұйымдастырушысы – ҰҚК бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов. Бүгін еліміздің Бас прокуроры Мәсімовтен бөлек тағы бірнеше адамның фамилиясын атады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Еліміздің бас прокуроры Берік Асылов қаңтар оқиғасын «мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекет» деп бағалап отыр. Ал барлығының артында ҰҚК бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов тұрғанын айтады. Одан бөлек тағы 18 адам осы тәртіпсіздікті ұйымдастырушы ретінде танылған екен. Берік Асыловтың айтуынша, қаңтар қасіретін ұйымдастыру 2021 жылы жоспарланған. Террористік актілер бойынша арнайы прокурорлар 720 қылмыстық істі тергепті. Осы істер аясында тыйым салынған экстремистік топтардың 25 мүшесі ұсталған. Ұйымдасқан қылмыстық топтардың 42 мүшесі қамауға алынған.
«Шабуылды тойтару кезінде, төтенше жағдай мен антитеррористік операция барысында 238 адам қайтыс болды. Оның ішінде 41 адам бұрын сотталған. Қаза болғандар саны туралы мәлімет дұрыс, жүргізілген тергеу аясында мұқият тексерілді. Соның ішінде: 67 адам шабуылдаушы болып танылды, яғни жаппай тәртіпсіздікке қатысқан күдіктілер; 142 адам төтенше жағдай мен антитеррористік операция режимін бұзушылар; 4 адам басқа да қылмыстар жасау кезінде өлген», – деді ҚР Бас прокуроры Берік Асылов.
Қаңтарда жасалған қылмыс бойынша 5 мың 300 қылмыстық іс қозғалған. Олар – негізінен адам өлтіру, ұрлық, қарақшылық, қару-жарақ ұрлау фактілері. ҰҚК мемлекетке опасыздық жасау, билікті басып алу, аса ірі көлемде пара алу фактілерін тергеген. Сондай-ақ бүгін Бас прокуратура Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаевтың жұмыс орнын тастап бара жатқан видеосын жариялады. Ол «ауыр зардаптарға әкеп соқтырған қызметтегі әрекетсіздік» деген бап бойынша күдікке ілінген еді.
«Полиция қаңтар оқиғалары бойынша 4 623 қылмыстық істі тергеп жатыр. Олардың көбісі – адам өлтіру, ұрлық, қару-жарақтың заңсыз айналымы, бұзақылық, бөтен мүлікті қасақана бүлдіру қылмысы. 20 мыңнан астам азаматтан жауап алынды. 5 мыңнан астам сараптама тағайындалды. Ұрланған мүліктің көбі тәркіленді», – деді ҚР ІІМ Марат Ахметжанов.
Бүгін мәжіліс қабырғасында қаңтар оқиғасынан кейін бірнеше қаладан табылған қарулардың көрмесі өтті. Бірақ бұл жерде тек тәртіп сақшылары тапқандары ғана. Қарапайым азаматтар өткізген қару жоқ. Көрмеде қойылған қарулар аңшылық дүкендерде сатылады. Аңшылық дүкеннен ұрланған.
«Жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырған адамдарбасты міндеті – құқық қорғау қызметкерлерінің щиттарын, бронижелеттерін, киімдерін шешіндіріп, оларды ешқандай затсыз қалдыру», – деді ҚР ІІМ Тергеу департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға-анықтаушысы Жеңіс Жақсылықов.
Бас прокурор Берік Асыловтың айтуынша, қаңтар оқиғасы кезінде бірқатар күш құрылымының басшылары мен жеке құрамы жұмыс орынын тастап кетті. Оларға жоғары жақтан тапсырма берген. Соның салдарынан ҰҚК мен полиция департаменттері тоналды. Мыңдаған қару-жарақ ұрланды. Соның ішінде 2 мыңға тарта қару қайда екені әлі белгісіз.
Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, «Алматы» телеарнасы, Астана