Елордада 500-ден астам үлескер баспанасын сарыла күтіп жүр

Almaty.tv
Almaty.tv
Әкімдік аты шулы алаяқ компаниямен күресіп келеміз деп сендірді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елордада 500-ден астам тұрғын жылдап күткен үйлеріне қол жеткізе алмай жүр. Құрылыс компаниясына толық төлем жасаған үлескерлер баспаналарын 3 жыл бойы сарыла тосқан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл тұрғындардың о бастағы арманы басқаша еді. Осылай ашық митинг өткізіп, өздеріне тиесілі баспаналарын ала алмай зар жылаймыз деп ойламаған да. Енді миллиондап құйған ақшалары ауаға кеткендей күй кешіп отыр. Үлескерлердің дені қазір "өз үйі - өлең төсегінде" емес, өзгенің босағасында пәтер жалдап, сабылып жүр.

– Барлығымыз 100 пайыз толық төлем жасадық. Сонда да үй салынбайды. 2022 жылы қолданысқа беруі керек еді. Бірде-бір құрылыс жұмысы жүрмейді, – деді қала тұрғыны Жібек Сексенбаева.

– Үш жылдан бері сабылып жүрміз. Қатарымызда көпбалалы, жалғызбасты аналар мен зейнеткерлер бар. Бәрі қаланың әр бұрышында пәтер жалдап тұрып жатыр. Ол да бізге үлкен шығын. Үйге деп жинаған бар ақшамызды бердік. Үй де, ақша да жоқ, – деді қала тұрғыны Айдана Бексұлтанова.

Жоспар бойынша баспаналар 2022 жылы берілуі керек болған. Мердігердің уәдесіне имандай сенген қараша басында 1 жыл күтіпті. Кейін сан сылтаудан шаршаған үлескерлердің көзін әкімдіктегілер ашады. Компанияның көпқабатты үй тұрғызбақ түгілі, шеге қағуға да рұқсаты жоқ. Алданған азаматтар енді адвокат жалдап, істі құзырлы органдарға дейін жеткізбек.

– Компанияда рұқсат қағазы жоқ. Ақшаны "ЖСК ОАЗИС" жинаған. Жерге қатысты ешқандай құжат жоқ. Жер тек қана жобалық жұмыс жасауға берілген. Бірақ құрылыс салуға да,  азаматтардың ақшасын жинауға да құжаты жоқ, – деді қорғаушы Жанарбек Бектеміров

Үйден үмітті үлескерлердің мәселесінен әкімдіктегілер де хабардар болып шықты. Аты шулы алаяқ компаниямен бірлесіп, күресіп келеміз деп сендірді. Әкімдік өкілінің ақпарынша, жоспардағы үйді толық аяқтау үшін тағы 2 млрд теңге қажет. Заңсыз басталған баспаналардың құрылысына қатысты техникалық аудит жүргізілген. Қорытындысы Әділет министрлігінде, әлі шықпаған көрінеді.

– Заңсыз құрылысқа байланысты құрылыс салушы және мердігерге шара қолданылған. Оларда заңсыз ақша жинағаны үшін айыпталды. Бірақ барлық құрылыс салушылар сияқты олар тек айыппұл төледі. Басқа қатаң санкция жоқ. Осындай нысандар көбеюіне байланысты Үкімет санкцияларды қатаңдату және өзгерістер еңгізу мәселесін қарастыруда, – деді қалалық Орта сапасы және бақылау басқармасының бөлім басшысы Шапағат Балтабайұлы

Тұрғындардың алды мердігер компанияға 8 млн, ең көбі 50 млн теңгеге дейін жинап берген. Жылдап күткен жылы пәтері жоқ болған соң, ақыры құзырлы органдарға жүгінген. Әзірше, ешқандай үміт жоқ.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы, Астанадан

Оқи отырыңыз: Шаңырағын қызыл жалын жалмап, далада қалған отбасы көптен көмек сұрайды

Новости партнеров