|
29.09.2020 | 21:23
4770

Тараздық ерікті облыстық ветеринария басқармасын мемлекет қаржысын тиімсіз пайдаланды деп айыптады

Қаңғыбас ит-мысықтарға жылына миллиондап қаржы бөлінсе де, оларды ұстайтын бірде-бір арнайы орталық жоқ

Тараздық ерікті облыстық ветеринария басқармасын мемлекет қаржысын тиімсіз пайдаланды деп айыптады Аlmaty.tv

Тараздық ерікті облыстық ветеринария басқармасын мемлекет қаржысын тиімсіз пайдалануда деп айыптады. Ирина Келлердің сөзінше, басқарма панасыз иттерді ұстауға жыл сайын бөлетін 22 млн теңгені өз пайдасына жаратып отыр. Әрі ай сайын мемлекеттік қызметтегі белгісіз басшының ит-мысықты асырауға деген желеумен айдаладағы мал қораға 250 мың теңге төлеп отырғанын жеткізді. Almaty.tv тілшісі Мерей Бает иттер тұсында туындаған дауды тыңдап қайтқан еді.

Ирина Келлер жануарларды қорғау қорын құрып осы бағытта жұмыс істегеніне биыл 10 жыл болғанын айтады. Дегенмен облыста атқарылып жатқан жұмыстарға көңілі мүлдем толмайды. Қаңғыбас ит-мысықтарға жылына миллиондап қаржы бөлінсе де, оларды ұстайтын бірде-бір арнайы орталықтың жоқ екенін айтады.

«Күлкілі әрі ақымақтық деп санаймын. Себебі бір жарым айдан бері 6-7 итті осында алып келген. Ал, жалдап отырған бұл орын мемлекеттік қызметтегі бір басшынікі, мен мұны нақты білемін. Бізді ақымақ қылғысы келеді. Менің ойымша, бұл – мемлекет қаржысын жымқыру», – деді жануарларды қорғау қорының басшысы Ирина Келлер.

Жануарлардың қамқоршысымын деген Ирина бұл жай сөз емес дейді. Қазіргі таңда өзі 100-ге тарта жануарды қала шетіндегі арнайы орында ұстап отыр. Ал, билік болса қаңғыған жануарларды  1 ай мал қорада ұстау үшін 250 мың теңгеден төлеп отырғанын жеткізді. Арнайы талаптар да сақталмай төрт түліктің маңында тұратын көрінеді. Сонымен қатар, белгіленген 2 ай емес, 1 аптаның ішінде керексіз деп танылған жануарлардың көзін жоя салады екен. Айтылған  сын-ескертпелерді  ветстанция басшысы растап отыр. Арнайы орын мемлекеттен қаралмаған соң жеке кәсіпкердің ғимаратын жалдауға тура келді дейді.

Жанат Дәуренбеков, қалалық ветеренария станциясының директоры:

– 70 ит болғанда, біз оларды алып жойып жатырмыз. Дәрігер бар осы жерде, эфтанайзер жасап жойып жатырмыз. Ешкімге керек болмаған итті не қыламыз ұстап. 1 апта, 10 күн ұстаймыз, егер алам деген адам болса келіп алады. Бірақ ондай адам әлі болған жоқ.

–  Жарнамасын жасап жатырсыздар ма?

–  Жарнамасын жасап жатырмыз.

– Қайда?

–  Енді бүгінге дейін жасаған жоқпыз, шынымды айтсам, ертеңнен бастап жасайтын шығармыз.

Ветеринариялық станция басшысы жалға алып отырған ғимарат басшысын танымайтынын айтады. Солай бола тұра, мал қорасын жыл соңына дейін жалға алған екен. Айтуынша, ғимарат мәселесі шешімін келер жылы тауып қалуы мүмкін екен.

Мерей Бает, Шыңғысхан Кеңесхан,  «Алматы» арнасы, Тараздан

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир