Атырау іргесіндегі Геолог ықшамауданының тұрғындары төтенше жағдай кезінде соғылған бөгетті бұзуды талап етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Көктемде көпті судан қорғаған топырақ енді кедергі болып отыр. Биіктігі 5 метр, ұзындығы 700 метрден асатын бөгет жолды жауып қалған. Ал жаңбыр жауса топырақтың бәрі саз балшыққа айналады.
– Үйлерге баратын жол жоқ. Өрт болса, жедел жәрдем шақыртса, келе алмайды. Көмек көрсететін адамдар жаяу келеді. Бұл жерде үлкен кісілер, ауыратын балалар, мүмкіндігі шектеулі жандарға жүріп-тұру қиын, – деді Геолог ықшамауданының тұрғыны Маржан Қожағұлова.
Қала әкімі халықпен кездесіп, уәдесін берген. Алайда ештеңе өзгерген жоқ.
– Бұл жұмысқа 3-4 экскаватор керек. Балаларды мектепке апарады, жедел жәрдем көлігі, өрт сөндірушілер кіре алмайды. Сондықтан жол сұрап отырмыз, – деді Геолог ықшам ауданының тұрғыны Нұрлан Шәуменов.
Жұрттың жанайқайын тыңдауға қала әкімі келмеді. Ал әкімдіктен жіберген жігіт жарытып ақпар айтпады. Берген уәдесі техника босамағандықтан орындалмай жатқанын меңзеді.
– Бөгет асығыс жасалды. ТЖД халыққа көлік жүретіндей жол салып береді. Техника жинап жатыр, – деді ТҮКШ және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының орынбасары Эдуард Оспанов.
Айта кетейік, Геолог ықшамауданында 10 мың адам тұрады. Дәл осы биік бөгеттің арқасында елдімекендегі ешбір үйге су кірмеген.
Оқи отырыңыз: Су емес, батпақ ішіп отырмыз: Жезқазған жұрты ауыз суға зәру