Алматы облысы Талғар қаласының тар көшесінде көкпар тартып жұрттың берекесін алғандар қамауға алынды. Бұл туралы полиция департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ұлттық ойынның соңын тәртіпсіздікке ұластырғандармен бірге көкпарды ұйымдастырған адам да ұсталған.
Кең далада емес, тар көшеде көкпар тартқандардың қылығы жұрт наразылығын туғызды. Серке тартысудың құмарына кіргендер қаланың күре жолындағы көлік қозғалысына кедергі келтірген.
Қазандыққа салатын серкені жолға алып шығып тәртіп бұзғандар қазір дәл осы уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Олар бұл жерге күні кеше жеткізілген. Айта кетсек, көкпарды ұйымдастырған адам да жауапқа тартылды.
«Ұйымдастырушы ретінде мені де ПД-ға әкелді. Жауапкершілік қиын, арты бұлай болады деп ойлаған жоқпыз. Енді оған кім кінәлі? Әрине, ең басты ұйымдастырушы кінәлі. Келешекте ойда болады», – деді көкпар ұйымдастырушысы.
Көкпар берген азаматтың айтуынша, о баста ереже қатысушыларға түсіндірілген. 10 салымнан кейін жеңімпаз анықталу керек болған. Бірақ көкпаршылардың жолға шығып кететінін күтпепті-міс. Ал бала күнінен ат құлағында ойнаған Матан ақсақал «қала емес, ауылдың өзінде өткізген үлкен қате» дейді.
«Қозғалысты кептеліс жасап тартып жүрген деген - ақымақтық. Қазір солай тартып жүргендерді «ақымақтар» дер едім. Көшеде ойнауға болатын асық ойыны емес. Асықты да көшеде ойнауға болмайды қазір. Өйткені қауіпсіздік ережесі деген болады. Аттың аты ат. Қанша дегенмен ол - мал. Тұяқтарында таға болса бір жөн. Тағасы болмаса асфальтта таятын дүние», – деді атбегі Матан Бекбосынов.
Атбегі ұлттық ойындардың қайта жандана бастағанына риза. Алайда «ереженің аты ереже, заң жалпыға ортақ» деген пікір айтты. Полиция департаментінің дерегінше, Талғарда ұйымдастырылған көкпарға облыстағы Қайназар, Рахат, Қазақстан және Туғанбай ауылының жастары да қатысқан. Ұсталғандар әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 3-бабы бойынша жауапқа тартылды.
«Олар ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 434, 593, 614 баптары бойынша заңнама нормаларына сәйкес жауапкершілікке тартылды. "Ұсақ бұзақылық" үшін сот оларға 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамау санкциясын берді», – деді Талғар аудандық полиция басқармасының бастығы Рүстем Жарықбасов.
Еске салсақ, дәл осындай жағдай бұған дейін Қаскелең қаласында да болып, қатысушылар 10 тәулікке қамалған еді. Ескеретін жайт, ұлттық спортты ұлықтау үшін жергілікті биліктен рұқсат алу керек.
Оразай Нұртай, Дидар Исаев, «Алматы» телеарнасы