2024 жылы елімізде туризмді дамытуға бағытталған 60-тан аса жоба іске асыралады, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Бұл бағыттағы жұмыстарға қазынадан 370 млрд теңгеден аса қаржы бөлініп отыр. Өңірлерде демалыс орындарының инфрақұрылымы қалыпқа келтіріліп, қызмет көрсету сапасын арттыру шаруалары қолға алынады. Министрлік өткен жылы 130-дан астам жобаны сәтті жүзеге асырған. Көрікті жерімізге келушілерді тарту мақсатында оларға қолайлы жағдай жасау басты назарға алыныпты. Кешегі Президент тапсырмасынан соң, салаға серпін беретін бастамалар іске асырылмақ.
- Бірінші кезекте инфрақұрылымды жасау керек деген тапсырма берілді. Жол мәселесін айтты. Күре жол Астанадан Алматыға дейін, сонымен қатар Талдықорғаннан Өскеменге дейін, Атыраудан Астраханьға дейін салынып жатыр. Көлік министрлігі осыны атап өтті. Арнайы бір бағдарлама жасап жатыр, - дейді ҚР Туризм және спорт министрлігі туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Ғалымұлы.
Сулы, нулы, көрікті қазақ жерін көруге өткен жылы 1 миллионнан аса турист келген. Көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда 17%-ға жетіпті. Министрлік өсімді биыл да көбейтеміз деп отыр. «Мемлекет танымалдылығының кепілі саналатын саланы дамыту үшін алдымен салаға жете көңіл бөлінуі керек» дейді туристік компания өкілдері. Ол үшін тек бір ғана Туризм министрлігінің жұмысы жетпейді деген пікірде.
- Туристі күтетін тек Туризм министрлігі емес. Шетелдік қонақтарды күтетін - аймақтар, жергілікті әкімдер, шекара қызметі. Негізі, туристерді ең бірінші күтіп алатын - ол шекара қызметі. Шекарада туристке күліп қарсы алса, ол келесі жолы біздің елге қайта келеді. Бізде шекарашылар, өкінішке қарай, жылы ілтипат білдіре бермейді. Сондықтан Президентіміз осындай нәрсені түсіндігісі келді, - дейді Туристік компанияның басшысы Алмас Маратұлы.
Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы туризмді дамыту жөнінде кеңес өткізді