|
21.09.2022 | 20:04
6425

Петропавлдағы «Жұмысшы» кентінің тұрғындары көмір ала алмай отыр

Жергілікті билік бұл мәселеден бейхабар

Петропавлдағы «Жұмысшы» кентінің тұрғындары көмір ала алмай отыр Almaty.tv

Петропавлдағы «Жұмысшы» кентінің тұрғындары көмір ала алмай отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Тұрғындардың айтуынша, әдеттегідей қатты отын тапшылығы емес, оны жеткізу құнының шарықтауы себеп болған.  «Жұмысшы» кентінен көмір сататын қоймаға дейін 10 минуттық жер. Сол 4 шақырым жерге тасымалдаушылар 20 мың теңге сұрайтын көрінеді.

«Енді көмірді өзіміз шығарып жатырмыз ғой. Шет мемлекетке да жібереміз. Бірінші кезекте халыққа көмір тасып берсе. Баға күннен күнге шарықтап жатыр», – деді қала тұрғыны Әліби Нұрғожин.

«Жанармай бағасы сол қалпы. Бізге дейін кем дегенде 8 мың сұраса ғой, түсінер едім. Мысалы, маған қыста 2 тонна көмір қажет. Бір тоннасы 14 мың тұрады. Егер жеткізу құны 15 мың болса, мен 2 тонна үшін 50 мыңнан да артық төлеуім керек болады. Бұрын осы бағаға 5 тонна қатты отын әкелетінмін. Жеткізу бағасы өте қымбат», – деді қала тұрғыны Петр Рощупкин.

Петропавлда көмір сататын төрт қойма бар. Қатты отын алу үшін халық аудандардан да келеді. Кезектің көптігінен алыстан қатынайтындар таңғы сағат 04:00-ден жиналуға мәжбүр.

«Сағат 06:00-ден бастап кезекте тұрмын. Жаңа көрдіңдер, 3 машина кіргізді. Елден көмірге бола келдім. Үш сағат жүріп, 170 шақырым жерден келдім. Аламын ба, алмаймын ба әлі белгісіз. Кейде ондай жағдай да болады», – деді Есіл ауданының тұрғыны Сұлтан Біләлов.

«Қыс суық. Көмір керек. Көмірсіз қалай? Үйде кішкентай балалар, немерем бар. Сол үшін көмір алу керек. Таңғы сағат 04:00-де келдім», – деді Есіл ауданының тұрғыны Руслан Аманқұлов.  

Жергілікті билік бұл мәселеден бейхабар. Десе де алдағы уақытта мәселенің алдын алатындарын айтты.

«Тасымалдау құнының қымбаттауына қатысты мәселе бақылауға алынады. Аудан әкімдіктерімен, Петропавл қаласының әкімдігімен жұмыс істейміз. Көмір тасымалдау құны халық үшін қымбат болмауы керек», – деді Энергетика және түкш басқармасы бөлімінің басшысы Евгения Островская.

Бүгінгі күні облыс халқының небәрі 46 пайызы қатты отынмен қамтылған. Көмір қажеттілігі 419 мың тоннаны құрап отыр. Жауапты мамандар СҚО бойынша көмір қоймаларында 29 мың тонна, ал Петропавл қаласында 1400 тонна көмір қоры бар деп сендірді.

Нұргүл Алина, Жұлдызбек Ермұқанов, «Алматы» телеарнасы, СҚО-дан

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир