|
27.12.2023 | 20:05
70530

Шымкентте жүзден астам отбасы далада қалуы мүмкін

Бұқарамен кездесуге әкімдік өкілдері келген

Шымкентте жүзден астам отбасы далада қалуы мүмкін Almaty.tv

Шымкенттегі Асар шағынауданындағы жұрт қаланың жаңа бас жоспарына сәйкес үйлерінің қызыл сызыққа енгенін бір апта бұрын білген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жиналған жұрт Шымкенттегі Алмас көшесінен 7 жыл бұрын жер телімін сатып алған. Содан бері ұзындығы 3 шақырымды алып жатқан көшеде 200 жүзден астам үй бой көтерген. Тұрғындардың жартысында құжат болса, қалғаны енді көшіп келіп, рәсімдеуге кіріскен.

– Басында тексерген кезде жерге тұрғын үй салуға болатынын айтқан. «Үш жыл ішінде  құжаттарды жасап аласыздар» деген. Су, электр жарығын тұрғындар айқай-шумен қойдырды. Бар мәселе шешілді дегенде бір апта бұрын осы жаңалықты білдік, – деді қала тұрғыны Дәуренбек Абылаев.

– Халықпен неге санаспады? Жерге не салынатынын алдын ала білуге болмай ма? Елдің пікірін тыңдап, ақылдаспай ма? – деді қала тұрғыны Марат Әбдіқадыров .

Далада қалатын болдық деп шулаған бұқарамен кездесуге әкімдік өкілдері келген. Қаланың үлкейгенін айтқан басқарма басшысы кептелісті азайтатын үлкен жол керек екенін айтты. Жол осы Алмас көшесінен түспек.

– 2012 жылы 20 метр көше салу жоспарға енген. Қазір қала өсті. Ол кездегі бас жоспар 680 мың адамға арналса, қазір бас жоспар 2 млн тұрғынды есепке алып отыр. Сондықтан көлік кептелісін азайту мақсатында қалалық жол инфраструктурасын қарастырылды. Қаланың негізгі көшелері 3 айналма жолдан тұратын болады. Қазіргі Алмас көшесі – соның бір бөлшегі, – деді Сәулет және қала құрылысы, жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков.

Бір аптадан бері уайымға батқан асарлықтармен кездесуге қала әкімі де келді. Тұрғындармен жүздескен шаһар басшысы мәселенің шешілетінін айтып жұртты жұбатты. Жергілікті билік көшеге түсіп тұрған қызыл сызықты алып тастайтын болды.

Гүлмарал Изатқызы, Елдар Жүнісқанов, «Алматы» телеарнасы, Шымкент

Оқи отырыңыз: Алматыда мектеп оқушылары арасында қайырымдылық кеші өтті

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир