Алматы қалалық прокуратурасы 700 миллиард теңгеден асатын 106 инвестициялық жобаны үйлестіруге көмек көрсетіп жатыр. Бұл туралы кәсіпкерлермен өткен жиында айтылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Брифинг барысында инвесторлар алаңдатып жүрген сұрақтарын қойып, кәсіп жүргізуге кедергі болған мәселелерді бөлісті.
– Біздің инвесторларда, басқа да осы жобаларды жүзеге асыратын компанияларда су, газ, электр жарығы және жол өткізу мәселесі бойынша қиындық көп. Бірақ шешімін табады, – деді Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Омаров.
Еске салайық, биыл Мемлекет басшысы әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері бойынша кеңейтілген кеңесте маңызды инвестициялық жобаларға прокурорлардың атсалысуымен инвестиция тартудың маңызды екенін айтқан еді. Бұл ретте Бас прокуратура «Инвесторларды қорғау бойынша прокурорлық сүзгі» жобасын жүзеге асырып жатыр. Қалалық прокуратурада инвесторлардың мәселелерін жедел шешу үшін кез келген уақытта көмекке баратын мобильді топ құрылған.
– Прокуратура органдарының үйлестіруімен 37 млрд теңге болатын 9 жобаға қолдау көрсетілді. Айта кету керек, қажет болған жағдайда прокурорлық қадағалау актісін жүргізгеннен бөлек, инвесторларға кеңес беріп немесе басқа құзіретті органдармен мәселе туындаса көмек көрсетеміз, – деді қалалық прокуратура қоғамдық мүддені қорғау басқармасының басшысы Данияр Ысқақов.
Оқи отырыңыз: Декларацияда құны 3,5 млн теңгеден асатын қандай жануарларды көрсетуге болады