Тамыз айының әр екінші жексенбісі құрылысшылар күні атап өтіледі, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ел дамуына елеулі үлес қосып, өркениеттің қалыптасуына септігін тигізетін алтын қолды жандардың еңбегі ерен.
«Бұл кәсіп - ата кәсіп. Осы мамандықты 3 жыл Алматыда оқыдым. Сосын фирмаға тіркеліп, Астанада жұмыс істедік. Қазіргі таңда Алматыда жұмыс істеп жатырмыз. Әр нәрсенің өзінің деңгейін нақты есептеп, өз орнымен қою керек», - деді құрылысшы Жасұрбек Нариманов.
Көк аспанмен таласқан зәулім сарайлар салып, маңызды нысандардың кірпішін қалап, жол салып, көпірмен жалғап, халықтың тұрмысын жақсартуға өлшеусіз үлес қосып жүрген мамандар саланың жыл сайын дамып жатқанын айтады. Құрылыс процестері қарқынды ілгерілеп, жаңа технологиялар мен материалдар пайда болып жатыр. Мәселен, қазір бұл ұжым жаңа өнер мен IT саласындағы заманауи мектептің құрылысын аяқтауға жақын. 72 адамнан тұратын топ, бір адамдай күндіз-түні еңбек етеді.
«Құрылыс салған кезде бұл ғимаратты салу үшін барлық жобаға сәйкес белбеумен жүру керек. Қауіпсіздік шараларын сақтау керек. Қазір бірнеше ұжымдар осында шоғырланған. Әрқайсының өзінің саласы бар, сол бойынша жұмыс істеп келеді. Бәріне қалай жұмыс істеу тәртібін, қауіпсіздік жағдайларын әрдайым ескертіп отырамыз», - деді құрылыс учаскесінің бастығы Сәрсенбек Ерімбетов.
Қоғамның ажырамас бөлшегі, құрылысшылар - болашақты қалаушы мамандық. Сондықтан бұл күні олардың ерен еңбегін ескеріп, ел дамуына қосып жатқан елеулі үлесі бағаланады.
Әйкерім Пернебек, Ғани Қалуов, Алматы телеарнасы