Шымкентте ірі базар өртенді

Almaty.tv
Almaty.tv
Апатқа қатысты тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгін Шымкент орталығындағы ірі базар отқа оранды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Сағат он бірде басталған жалын саудагерлерді ғана емес, киім алуға келген тұрғындарды да әбігерге түсірген. Базарға келген жұрт жан-жаққа қашса, кәсіпкерлер тауарын сыртқа тасумен әлек. Соған қарамастан, біршама дүкен күлге айналып, базар аумағындағы асхананың да қаңқасы ғана қалды.

Саудагерлердің басым бөлігі мектеп басталар шақта қолдағы бар қаржыға тауар әкелгендерін айтады. Кейбірінің жаңа маусымға дайындаған заттары түгелдей жанып кетіпті. Соны айтып көз-жасы көл болған бұқараға жауаптылар жағдайды бақылауда ұстаймыз дегеннен асып ештеңе дей алмады.

«Біз жұмыстардың толық бітуін күтейік. Шығындар есептелсін. Базар басшысы мен кәсіпкерлер арасында келіссөз жүргізіледі. Ешқандай кәсіпкер назардан тыс қалмайды. Бұл біздің бақылауымызда болады», - деді Кәсіпкерлік басқармасының басшысы Біржан Әзімбетов.

Жауаптылар сөзінше, жалын «Автонұр» базарының аумағынан шығыпты. Бірнеше қатар дүңгіршек пен асхана жеке кәсіпкерге қарасты болған. Көпшілік "ел-жұртты әбігерге салған көк түтін дәл сол асханадан басталған" дейді.

«Алдын ала болжам бойынша, өрттің шығу себебі - адамдардың отты абайсыз қолдануы және электр сымдарының қысқа тұйықталуы. Өрттің нақты себебін анықтау үшін оқиға орнында өрт зертханасы және анықтау тобы жұмыс атқарып жатыр», - дейді Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Еркін Отарғалымұлы.

Түске дейін басталған өртті арада екі сағат өткенде ғана өшіру мүмкін болыпты. Қазір саудагерлерді тақырға отырғызып, тұрғындардың үрейін ұшырған апатқа қатысты тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.

Назерке Үкібасова, Александр Крапивкин, "Алматы" телеарнасы, Шымкент

Новости партнеров