Қазақстан 2025 жылға қарай құс етін импорттауды тоқтатады

aikyn.kz
aikyn.kz
Қазынадан 20 млрд теңге бөлінді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жем болмаса, жұмыртқа да болмайды. Құс жемінің қымбаттауы қалтаға салмақ салды деп отандық фермерлер дабыл қағып отыр. Олардың айтуынша, қазір азық бағасы бұрыңғыдан екі есеге өсіп кеткен. Саладағы түйткілді шаруалар халықаралық құс өсірушілер форумында айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қымбатшылық қолын байлаған шаруалар жем-шөптің бағасы қымбат екенін алға тартты. Тиісінше, бұл кәсіпкерлердің де қалтасына кәдімгідей салмақ салады. Өйткені қажетті жабдықтардың барлығы шеттен келеді. Қазақстан құс өсірушілері одағының президентінің айтуынша, Беларусь пен Ресейдің техникасын қолданған соң, олармен бәсекелесу қиынға түседі.

«Қазіргі кезде құсқа арналған жем мәселе туындап отыр. Бұл мәселе Ресейде, Беларусь, Армения және Қырғызстанда да бар. Құс жемінің бір тоннасы 180-190 мың теңгеге жетті. Егер құс жемі арзан болса, онда біздің өнім де нарыққа төмен бағамен шығады», – деді Қазақстан құс өндірушілер одағының президенті Руслан Шәріпов.

Мәселеден сала министрлігі хабардар. Оның айтуынша, қазынадан 20 млрд теңге бөлініпті. Қаражат есебінен 200 мың тонна жем сатып алынады. 150 мың тонна астық құс фабрикаларына өткізіледі. Ол нарықтағы бағадан 30 пайызға арзан.

«Құс жемінің қымбаттауына байланысты құс өсірушілер қиындыққа тап болған. Олар осы салаға мемлекеттік қолдау жасауды сұрап отыр. Бұл мақсатта республикалық бюджеттен «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ жарғы капиталын арттыруға 20 млрд теңге бөлінді. Бұл форвардты тәртіпте сатып алуға бағытталып отыр», – деді ҚР АШ Министрлігі мал шаруашылығы департаменті директорының міндетін атқарушы Ерлан Ілиясов.

Мемлекет басшысының отандық өндірушілерге өнім сапасын арттыру міндетін жүктеді. Қазақстан 2025 жылға қарай құс еті бойынша импортты толықтай отандық өніммен алмастыруды жоспарланған. Ол үшін тағы да құс фабрикалары салынып, қолданыстағылары жаңғыртылмақ.

«Өткен жылы 8 құс фабрикасы пайдалануға берілген. Жобаның жалпы құны 40 млрд теңге болды. Алдағы екі-үш жылда құс етімен ішкі нарықты толықтай қамтамасыз етеміз. Сонымен қатар, үйрек пен қаз өсіретін шаруашылық елімізде дамып келе жатыр», – деді ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров.

Құс шаруашылығы қарқынды дамып келе жатқанына қарамастан, қанаттылардың еті мен жұмыртқа бағасы төмендемейді.  Сарапшылардың пайымдауынша, электр энергия тарифтерінің қымбаттауы әсер етеді.

«Шаруалардың қынжылатыны – шығынның өтелмеуі. Олар алады, өсіреді, өнімдері тиісті бағада сатылмайды. Өндірушілер де, сатып алушылар да кіріс көзін көрмейді. Нарықта бағада тұрақтылық қалыптастыру керек. Сонда жағдай оңалады», – деді экономист Марат Әбдірахманов.

Халықаралық құс өсірушілер форумында саланың біраз түйткілі айтылды. Мемлекеттік қолдау, субсидия тәртібі талқыланды.

Камшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров