Қоян жылы уайым-қайғы артта қалатын, адамдар үшін тұрақты, тыныш жыл болмақ. Нумерологтардың сөзінше, 2023 жыл кикілжіңдердің шешілуіне әсер етеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Адамдар арасында махаббат пен сыйластық арта түседі екен. Соңғы бірнеше жыл еліміз үшін ғана емес, әлем халқына да оңай болмағаны анық. Пандемия, шексіз шектеулер, геосаяси тұрақсыздық. Нумерологтардың айтуынша, келер жылы мұның бәрі артта қалады. 2023 жылдың иесі – Қоян. Сондықтан қоян жылында туыстық, әріптестік қарым-қатынас күшейіп, дипломатиялық байланыс арта түспек. Келер жылы отбасын құрып, балалы болу сынды жағымды жайттар жиі болады. Жылдың символы қоян болса, саны – 7. Жеті саны қазақта киелі саналған.
«Бақыт әкелетін сан. Жақсылық әкелетін сан деп жоримыз. Сондықтан жақсылыққа толы сан деп ойлаймыз. 7 саны үй алып жатсаңыз да, ипотекаға, тіпті алаңыз да көмектеседі. Жаңа жұмысқа орналассаңыз да 7 саны көмектеседі», – деді нумеролог Рысгүл Қадырәлиева
Сондай-ақ қоян жылы карьералық өсуде сәтті болмақ. Саяхаттауға да ең қолайлы жыл екен. Қытай күнтізбесінде әр жылдың өзіне тән стихиясы болады. Сондай белгілеріне ағаш пен жер стихиясы жатады. Ал табиғи минералды тастардың ішінде қоян жылы «мысықкөз» тасы адам денсаулығына пайдалы болмақ.
«Кету планетасы еңбек еткендерді жақсы көреді. Қозғалғандарды жақсы көреді. Сондықтан ол сол арқылы бізге көмектеседі. Сонымен қатар материалдық жаққа жүгіре бермей, өзіміздің моралдық жағымызды дамытып, жұртқа көмектесу керекпіз», – деді нумеролог Рысгүл Қадырәлиева
Жалпы келер жылдан кім де болса жақсылықтан үмітті екені сөзсіз. Әйтсе де, көпшіліктің өтіп бара жатқан барыс жылына өкпесі жоқ.
«Бұл жыл керемет болды. Бірнеше проект орындадық. Содан соң жаңа пәтер алдық. Келесі жылы балалы боламыз, қазір бір баламыз бар», – деді қала тұрғыны Лилия Цай
«Тек жақсы жағымен есте қалды. Бастысы Отан алдындағы борышымызды абыроймен өтеп келдік. Кеше ғана келдік. Бүгін Алматы қаласында бірінші күн. Құдай қаласа алдағы келе жатқан жылдан көп жақсылық күтеміз», – деді қала тұрғыны Нұрғиса Әлайдар
«Бұйыртса екінші сәбиімізді күтіп отырмыз. Алматыға көшіп келдік. Жақсы жаңалықтар есте қалды, келесі жыл да жақсылық болсын», – деді қала тұрғыны Әйгерім Бастарбекова
«Биыл жақсы жетістікке жеттік. Құдай қаласа қоян жылынан көп нәтиже күтеміз», – деді қала тұрғыны Ермек Ахметбек.
Ал Жұлдызнамадағы зодиак белгілерінің басым бөлігі үшін 2023 жыл көбіне құбылмалы болады екен. Жетістікке жетуі әр адамның әрекетіне, еңбегіне байланысты жемісін бермек.
Назкен Еркін, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы