Түркістан облысында оқушыны қағып кетіп, кейіннен жәбірленуші тарапқа сес көрсеткен азамат экс прокурор болуы мүмкін. Осылай деп етегі жасқа толған Түлкібас ауданының тұрғыны тергеудің тым сылбыр жүріп жатқанына наразы, деп хабарлайды Almaty.tv тілішісі.
Апат болғалы арада бір ай өтсе де, сараптама нәтижесі шықпады. Ал 13 жастағы бала төсекке таңылып жатыр.
Жібек Базарова бір айдан бері әділдік іздеп жүр. Мамырда ойынға шыққан баласын көлік қағып, 5 қабырғасы сынған ұлының ішіне қан кеткен. Төсекке таңылған жасөспірімнің жағдайын жүргізуші жігіт сұрап келмеген. Есесіне сес көрсетіп үлгерген.
– Жүргізуші «прокурор болып қызмет істегенмін, ешнәрседен қорықпаймын» деді. Дәрігер баланы ауруханадан шығарып жіберуге асықты. Оның жағдайын сұрап ешкім келген жоқ. Тергеушілер келіп ұлыма «шайтанарбаның тежегіші ұстамай қалып, келе жатқан машинаға соғылдым» деп жаздырып алған. Бірақ ол жалған, – деді зардап шеккен азаматтың анасы Жібек Базарова.
Жол апатына түскен Саят - үйдегі бес баланың екіншісі. Денсаулығына зақым келген жасөспірім емес, оны қаққан жүргізуші өтемақы сұрапты. Осылай деген жәбірленушінің анасы «балаға дұрыс қарамағаным үшін өзімді кінәлады» дейді. Мәселенің мән-жайын білмекке көлік иесіне хабарластық. Ол өзінің прокурор емес, заңгер болып қызмет атқаратынын айтты.
– Мен оны қаққан жоқпын. Керісінше ол соқтығысты. Олар 148 мың теңге айыппұл тақты. Мен онымен келіспей, прокуратураға арыз жаздым, – деді Түркістан облысының тұрғыны Нұрлыбек.
Қазір бұл іске қатысты Түркістан облысында тергеу жүргізіліп жатыр. Дегенмен жәбірленушінің анасы «көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе пайдалану қағидаларын бұзуы» бабы бойынша басталған іс созбаққа салынды деп наразы. Тіпті медициналық сараптаманың нәтижесі әлі шықпаған.
Назерке Үкібасова, Александр Крапивкин, «Алматы» телеарнасы, Түркістан облысы
Оқи отырыңыз: Таразда жағажайдағы демалыс орны ақылы болмақ