Астаналықтар кәріз тазалау нысанының құрылысына қарсылық білдірді

29.09.2023 01:40

Тұрғындардың айтуынша, егде жасқа келген кісілерде белгісіз ауру пайда болған

Almaty.tv

Астана билігі жер таппағандай ең лас қалдық тазалайтын ғимаратты тұрғын үй алқабының дәл алдына салмақшы. Бүгін Үркер шағынауданының 40-қа жуық тұрғыны екінші кәріз тазалау нысанының құрылысына қарсылық білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Түнде демалу мүмкін емес деген тұрғындар уланып жатқанын айтып, шағымданды. Егде жасқа келген кісілерде белгісіз ауру пайда болған. Тұрғындар иістің бірінші кәріз тазалау ғимаратынан шыққанына сенімді. Олар «кәріз тазалайтын нысан салынса, жағдайымыз тіптен мүшкіл болады» деп налиды.

– Халық қарап оқып, біліп отыр. Бұл күкіртті сутегі қосылысы екені белгілі болды. Соның исіне тұншығып жатырмыз. Тіпті экологиялық апат болуы мүмкін, қауіп-қатер төніп тұр, – деді қала тұрғыны Алма Мұсабекова.

– Нысанды салу туралы халықпен ақылдаспады. Ешқандай жиналыс болған жоқ. Көрсетіп жатқан құжаттың барлығы дәлелсіз. Көңілімізден шықпады. Сондықтан нысанның салынғанын қаламайсыз. Қажет болса, митингіге шығуға да, әкімшілікке өтініш жазуға дайынбыз, – деді қала тұрғыны Айгүл Байтұрсынова.

Ал нысанды салуға тапсырыс берген қалалық отын-энергетикалық кешені басқармасының мамандары қоғамдық тыңдау өткізгенін айтты. Газеттерге жариялап, телеарналарда кәріз тазалау құрылысы салынады деген ақпарат берілгенін айтты. Басқарма маманы Ерболат Нұрсейіт «бірінші кәріз тазалау нысанынан сасық иіс шығады» дегенге сенбейді. Оның айтуынша, қыркүйекте эпидемиялық тексеріс жүргізілген, заң бұзылмаған.  

– Болашақта пайда болатын кәріз тазалау ғимараты Үркер тұрғын үй алабынан 1 шақырым алыста орналасады. Санитарлық қорғау қашықтығының нормасы бойынша 5 метр еді. Сондықтан тұрғындарға зиян келеді деп есептемеймін. Оның үстіне, қалдықтар сыртқа шығарылмайды, – деді Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы бөлімінің бас маманы Ерболат Нұрсейіт.

Қазір қалада жұмыс істеп тұрған бірінші кәріз тазалау орны міндетін толық атқармайды. Шаһарда тұрғын көбейген сайын, нысанға түсетін ауыртпалық та артады. Сондықтан екіншісін тұрғызу көзделген. Қазір мұнда құрылысқа дайындық жүргізіліп жатыр. Қазанда мемлекеттік сараптаманың нәтижесі шығады. Содан кейін нақты құрылыс басталады екен.

Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: Жылуға жарымаған жұрт облыс әкімінен көмек сұрамақ