Елімізде бидай импортына тыйым салынды

Almaty.tv
Almaty.tv
Соңғы 5 айда елге 1 млн тоннадан астам бидай кіргізілген
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде бидай импортына тағы тыйым салынды. Ел диқандарын қолдау мақсатында қабылданған шектеу мерзімі жарты жылға ұзарды. Әзірленген маңызды құжатты Ауыл шаруашылығы министрлігі қоғам талқысына ұсынды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Былтыр сәуірде елімізге барлық транзит түрімен бидай әкелуге тыйым салынған. Алайда бұл шара өзгенің өнімін отандық нарықта саудалауға тосқауыл болмаған көрінеді. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, астық өнімдері көбінде көрші Ресейден жеткізілген. Соңғы 5 айда елге 1 млн тоннадан астам бидай кіргізілген. Салдарынан қамбадағы отандық  өнім тұралап қалған. Министрлік өкілі «уақытша шектеу қоймасақ, диқандардың жағдайы қиындауы мүмкін» дейді.

– Шектеу шарасының мақсаты – отандық өнім өндірушілерді қолдау. Елде былтырғы егін қоры бар. Ол өнімді сатуымыз керек. Себебі 1-2 айда қамбаға  биылға өнім жиналады, – деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің басқарма басшысы Саят Хамзин.

Министрлік дерегіне сүйенсек, қамбада 6 млн тонна астық сақталып тұр. Шаруалар сол өнімді әлі күнге дейін тиімді бағада сата алмай отыр. Импортты тоқтатпаса, бидайды өткізу мәселесі қиындамақ. Бұл ретте Үкімет отандық диқандарға барынша қолдау жасап отыр. Мемлекет тарапынан импорттық шектеу болмаса, ел шаруаларының ала жаздайғы еңбегі еш кетуі мүмкін.

– Отандық диқандар мол өнім алады деп жоспарлап отыр. Ал сырттан келетін астыққа тосқауыл қою нан өнімдерінің қымбаттауына әсер етпеуі керек. Себебі Қазақстан өзін бидаймен толық қамтамасыз ете алады. Сондықтан нан, ұн өнімдерінің бағасы көтеріледі деп ойламаймын, – деді Қазақстан астық одағының ресми өкілі Евгений Карабанов.

Қазақстанға сырттан бидай әкелуге тыйым салу құжатын министрлік әзірледі. Тиісті бұйрықты 15 тамызға дейін қоғам талқылайды. Ел аумағына көліктің барлық түрімен астықты кіргізуге шектеу қойылып отыр. Бастама отандық диқандарды қолдау, бағаны тұрақтандыру үшін қолға алынған. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету амалы да назарға алынған.

Отандық шаруарлардың былтыр мол өнім алғаны белгілі. Сол үдеден биыл да шығуға бел байлап, егіс көлемін өңірлер біршама арттырған. Жауапты науқанға көктемгі тасқын кедергі келтіргені анық. Десе де, министрлік «алдағы жиын-терім кезеңі ойдағыдай өтеді» деп отыр. Биыл 24 млн гектарға жуық алқаптан егін жиналмақ.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: Түркістанда күйеуін өлтірген әйелге қатысты сот басталды

Новости партнеров