Газ да, су да, аурухана да жоқ: Алматы маңындағы ауыл тұрғындары шағымданды

Almaty.tv
Almaty.tv
Тұрғындар ойқы-шойқы жолдан жедел жәрдем көлігі де келе алмайды деп налып отыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Мүгедектігіміз бола тұра медициналық көмекке жете алмай отырмыз деп мұңын шаққан Алматы облысының жұрты қалаға барып ем алуға мәжбүр. Қаратөбе ауылының тұрғындары аурухана таппай дал болатынымыз аздай, ойқы-шойқы жолдардан мұнда жедел жәрдем көлігі де келе алмайды деп налып отыр. Аталған мәселені алға тартып жергілікті әкімдікке талай барыпты. Алайда мәселе шешілер емес деп қынжылады көпшілік, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.     

  

Қыстан қысылып шықтық деген Сымбат Мырзахметова – көпбалалы ана. Үшінші топтағы мүгедек бір аяғын сылтып басады. Сал-сүйегі сырқырап, буындары тырысқанда емханаға жете алмай, жатып қалады екен. Алайда үйдің тірлігі тұралап қалмас үшін, сырқатына қарамастан су тасып, от жағуға мәжбүр.

«Күйеуіміз екеуміз мүгедекпіз. Иығы сынған, еш жұмысқа жармайды.  Бір қолымен ғана істейді, бір қолын көтере алмайды. Ешқандай көмек алмаймыз. Күйеуімнің тапқан азғантай ақшасына ғана күн көреміз», - дейді Қаратөбе ауылының тұрғыны Сымбат Мырзахметова.

Қаратөбеліктер қалаға қатынап, ем алғалы ұзақ жылдар болды дейді. Олардың айтуынша, бұрын қуықтай бөлмені ауылға амбулатория ретінде бөліп берген екен. Алайда ол кезде де маман тапшы, дәрі-дәрмек жеткіліксіз болған деседі.

Емханасыз отырмыз деген ел құлауға жақын тұрған үйдің бір бөлмесін бұрын медпункт ретінде пайдаланып келіпті. Оның өзін 13 жыл бұрын құлап қалады деп жауып тастаған екен. Содан бері ауыл адамдары ауруына алысқа барып ем іздейді.

«Екінші топ мүгедегімін. Біздің жанымызға бататыны, медпункт мәселесі. Медпункт үшін екі автобус ауыстырып, Береке ауылына барамыз. Елтайға барамыз, одан ары тағы баруға тура келеді. Мен мысалы, көзім дұрыс көрмейді, инсульт алғанмын. Өзім жалғыз жүре алмаймын, қасыма міндетті түрде баламды, қызымды, көршімді ертіп аламын. Оған процедура қабылдау үшін білесіздер, он күндей уақыт кетеді. Анализ тапсыру керек, оған он күндей қалаға қатынауға қалтамызды да қағып жатыр», - дейді Қаратөбе ауылының тұрғыны Қалдыгүл Надірәлиева.

Тапқанын таксиге жаратып, қалтасы қағылған ауыл адамдары Қаратөбеге қоғамдық көлік мүлде келмейді дейді. Ол аздай, қара суды да тасып ішеді екен. Ауыл тұрғындары бұл мәселені айтып талай табалдырық тоздырыпты.

Қыстан қысылып шықтық деген қаратөбеліктер қара суға жарымай, құдық қаздық дейді. Алайда ол судың өзі де ішуге жарамайды деп отыр.

«Бәрі жоқ, газ да, су да, медпункт те жоқ, жоқ, жоқ! Оны айтқанымызбен кім жасап береді? Талай арыздандық», - деп күйінеді келесі бір тұрғын Зиягүл Көшербаева.

Ал тоғыз ауылға төрағалық етіп, жиі аралап тұрамын деген Елтай округінің әкімі аталмыш мәселені жақсы білемін дейді. Бірақ барлық қордаланған түйткілді бір күнде шешіп бере алмайын деп ақталды. Оның айтуынша, өзі жуырда ғана сайланыпты.

«Қазіргі таңда алты сотық жерге бөлінді. Ол жерге тағы жиырма сотық жер қарастырылып жатыр. Қазір медпункттер облысқа қарайды. Бірақ өтінімдер беріліп жатыр. Осы жылдың аяғында олар модульді пункт қоямыз деген», - деді Елтай ауылдық округінің әкімі Біржан Махатов.

Екі мыңға жуық халқы бар Қаратөбе ауылы қалаға қырық шақырым ғана жерде орналасқан. Алайда даму қарқынымыз қаладан қанша есе қалыс қалған деп мұң шақты тұрғындар. Ал жергілікті билік өкілдері жуырда негізгі көшеге тас төсеп, жөндеп береміз, ал емхана мәселесі келесі кезекте деп уәде етті.

Әлібек Шынтемір, Мұратбек Алмасхан, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров