Рухани келісім – тұрақтылықтың іргетасы. Елімізде жыл сайын 18 қазан Рухани келісім күні ретінде атап өтіледі. Бүгін Алматыда осы мерекеге орай, 17 діни бірлестіктің қатысумен ауқымды шара өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ортақ мүддеміз – бейбітшілік, құндылығымыз – адалдық» деген түрлі дін өкілдері Қазақстанда тату-тәтті өмір сүретіндерін мәлімдеді. Өйткені, қазақ халқы қашан да дінаралық келісімнің үздік үлгісін көрсетіп келе жатыр - дейді имамдар.
«Әр түрлі ұлттардың әр түрлі дін өкілдерінің өмір сүруі – табиғи құбылыс. Ол Алла Тағаланың жердің бетіне жасап қойған заңдылығы деп айтса болады. Сондықтан, бұл қоғам болып, сол халықтар ел болып, ұйысып, тұтасып өмір сүруі үшін міндетті түрде келісім болуы керек. Егер рухани келісім болмайтын болса, мынау әр түрлі ұлттардың арасындағы келісім, өзара татулық, әр түрлі діндердің арасындағы сондай төзімділік, бір-бірін құрметтеу, толеранттылық болатын болса, онда ондай қоғам ары қарай өмірін бір үйлесімділікте, жарасымдылықта жалғастыру қиын болады», - деді Алматы қаласының бас имамы Еркінбек ШОҚАЙ.
Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров кездесуге қатысушыларға арнаған құттықтау сөзінде олардың көмек пен қолдауға мұқтаж жандарға қамқорлық танытып, отандастарымызды рухани-адамгершілікке тәрбиелеу ісіне қосқан үлестерін атап өтті.
Шара конфессияаралық қатынасты нығайтуға, қоғамда рухани келісім мен төзімділікті дамытуға бағытталды.
Мысалы, Алматыда діни бірлестіктер көшбасшыларының диалог алаңына айналған Клуб жұмыс істейді, мұнда түрлі дін өкілдері еркін пікір алмасып, діни және қоғамдық мәселелерді талқылайды.