Камераларға қосылған жаңа жүйенің көмегі арқылы полицейлер 12 қылмысты ашқан. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін аулаларда да тағы автоматты «сақшылар» саны көбеймек, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Әсем қаланың түрлі жеріне қойылған 150-ден астам камера арқылы көлік қауіпсіздік қатаң қадағаланбақ. Тәулік бойы көз ілмей кезекшілік ететін инспектордың айтуынша, тек бір өзі күніне 50-ден астам заңсыздықты анықтап, тіркейді екен.
Тек камералар арқылы биыл 200 мыңнан астам көліктің иесіне айыппұл салынған. Қаладағы көлік пен халық қозғалысы, ірі көшелер мен ғимараттардың көбі дәл осы орталықта тәулік бойы бақыланады. Шұғыл қоңырауларға 14 инспектор жауап берсе, өзге қызметкерлер күдік тудырған жайттарды бірден назарға алып, жақын маңдағы патруль экипажына хабарлайды.
«Жолдағы қауіпсіздік жүйесін қадағалайтын 104 бекет бар. Негізі автожолдар мен көше қиылыстарына 650 камера орнатылған. Олар жол ережесін тіркесе, қазір автоматты түрде көліктің мемлекеттік нөмірін жалған немесе оның қылмыстық жайттарға қатысы бар ма соны анықтайды. Камералар арқылы жалған нөмірмен жүрген 12 көлікті анықтадық», – дейді Алматы қаласы ПД жедел басқару орталығы басшысы Андрей КВАШНИН
Орын алған даулы оқиғалардың ақ-қарасын ажырату кезінде де осы камералар пайдасын тигізіп келеді. Жыл басынан бері 5998 заң бұзушылықты ауладағы автоматты «сақшылар» ашқан. Жуырда ломбардтағы 95 миллион теңгеннің затын үптеп кеткен қарақшы да ақыры осы «жансыз күзетшілердің» көмегімен қолға түсіпті.
«120 мың бейне камералардың 95 пайызы жергілікті бюджеттен ешбір тиын шығармай жасалынып жатқан жұмыс еді. Жеке фирмалардың өкілдері мен көп қабатты тұрғындардың арасында келіссөздер жүргізу арқылы, қауіпсіз аула бағдарламасы арқылы жеті мыңдай үйде 45 мыңнан астам бейнекамералар орнатылған», – дейді Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.
Тұрғындардың тыныштығын сақтап, қылмыстың азаюына тұрғын үй аулаларындағы бейне бақылауда үлкен септігін тигізеді. Соңғы бес айда 615 қылмыстық іс тек камералар арқылы ашылған. Жалпы қала көлемінде 119 мың бейнебақылау бар болса, олардың 45 мыңы осы жедел орталыққа қосылған.
Әмірболат Құсайынұлы, Әсет Құндақбаев «Алматы» телеарнасы