«Баланың бөтені жоқ». ҚХА мүшелері бүгін осындай атпен қайырымдылық акциясын өткізді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ауған, түрік, татар, күрд, өзбек секілді 10 этнос өкілдері жұмылып, Жауғаштыдағы әйелдер колониясында тәрбиеленіп жатқан бөбектердің жағдайын біліп қайтты. Ассамблея балаларға қажетті төсек-орын, кілем мен киім-кешек, азық-түлік себетін тапсырды.
«Біз осы мекемеде «Балалар үйі» бар екенін білген бойда көмек қолын созуға ұмтылдық. Әрдайым көмекке мұқтаж мекемелерді назарымыздан қалдырмаймыз. Акцияға 10 этностың өкілі қатысып, бірі кереует алып берсе, енді бірі көрпеше тігіп, қолынан келген көмекті ұсынып жатыр», – деді Алматы қалалық ҚХА төрағасының орынбасары Нүрия Ниязова.
«Мекеменің жағдайымен бүгін өздеріңіз таныстыңыздар. Ғимарат 1930 жылs салынған. Соған қарамастан біз нысанды коммуналдық-шаруашылық жағынан жақсартып отыруға әрдайым күш саламыз. Бүгін Ассамблея тарапы ілтипат білдіріп, балаларға керекті жабдықтар әкелді», – деді Алматы және Жетісу облыстары бойынша ҚАЖД №10 мекеме бастығы Вилорий Ким.
ЛА-155/4 мекемесі – сотталған әйелдердің балаларын асырауға арналған еліміздегі жалғыз орын. Мұнда қылмыскерді ұстау режиміне қарамастан балалар үш жасқа дейін анасымен болады. Қазір әр өңірден түскен 500-ден аса әйел жазасын өтеп жатыр. Алдау, ұрлық, алаяқтық, тіпті өлтіру дерегі бойынша тұтқындалғандар бар.
«Алаяқтық істедім. Әрине, өкінем. Мойындаймын істеген қылмысымды. Енді алдағы уақытта таза жүрем, әрине. Бәріне рахмет айтамын, осы жердегі кісілерге. Бүкіл жоқ нәрселерімізді әкеліп берді», – деді жазасын өтеуші.