Алматылық Дамир Көшеев Ақтөбеге дейін 2200 шақырымды велосипедпен бағындырмақ. Ол қайырымдылық велошеруі аясында еліміздің түкпір-түкпіріндегі мұқтаж отбасылардан шыққан балаларға көмек көрсетуді мақсат етіп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жоспар бойынша ерікті 5 облысты велосипедпен жүріп өтуі тиіс. Ол жол бойы кездескен ауыл-аймақтарды аралап, ондағы техникаға мұқтаж оқушылардың тізімін өзі жасамақ. Ал, шеру ұйымдастырушылары тиісті қаражатты жинап, көмекке зәру жандарға жіберіп отырады.
«Біз бұл ауылдардағы интернеттің қалай жұмыс жасайтынын, ол балаларға қашықтан білім алу үшін қаншалықты жағдай жасалғанын білгіміз келеді. Осы қайырымдылық жобасы аясында техникаға мұқтаж оқушыларға планшет алып беруді көздеп отырмыз», – деді кәсіпкер Қайрат Құдайберген.
Бұған дейін қайырымдылық жобасының ұйымдастырушылары Ұлы Абайдың туған жері Семейге дейін «Абайға жол» жаяу экспедициясын өткізген болатын. Шара аясында екі ерікті 46 күнде 1200 шақырымды жаяу жүріп өткен. Белсенділердің ондағы мақсаты ұлы ойшылдың бай мұрасын баршаға насихаттау.
«Алғашқы жобамыз «Абайға жол» аясында ақынның туған жері Шығыс Қазақстан облысына бардық. Бұл экспедиция жаз маусымында өтті. Біз 46 тәулік бойы жаяу жүріп, 1200 шақырымды еңсердік. Осы жобадан кейін еліміздің әртүрлі аймақтарын велосипедпен аралауға шешім қабылдадым», – деді ерікті Дамир Көшеев.