«Кезекшілікке түскен сайын анамыз жанын шүберекке түйіп отырады». Бұл қалалық өрт сөндірушілердің айтқаны. Мамандар қызыл жалынды ауыздықтау кезінде түрлі қиындықтарға барамыз дейді. Алапат өрттің арасына кіріп кететін кездер де болады екен. Бейбіт күннің батырларымен Almaty.tv тілшісі Өмір Әнуарбек тілдесіп қайтты.
Нұрбол Жантықов өрт сөндіруші болып қызмет етіп жүргеніне 9 жылдан асқан. Осы маман иесі болуды бала кезден армандапты. Жақында Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Оны ол әріптестерімен бірге алапат өртті сөндіргені үшін алған екен. Оқиға осыдан бір жыл бұрын болған еді. Газ тасымалдаушы көлік өртеніп жатыр деген хабарлама түскен. Ал шын мәнінде...
«Ол жерде үлкен қоймада 50 және 25 литрлік 150 газ баллон болған. Кіре бергенде жарылыс қатты болғандықтан күйзеліс күйіне түсіп, кірген бетте соғысқа кіріп кеткендей болдық», – деді мамандандырылған жасақ басшысының көмекшісі Нұрбол Жантықов.
Өрт сөндірушілер тілсіз жаумен 11 минут бойы арпалысты. Ақыры мамандардың біліктілігінің арқасында от ауыздықталған. Абырой болғанда төтеншеліктер де, қарапайым азаматтар да дін аман. Құтқарушылардың сөзінше, мұндай оқиғалар жиі орын алмайды. Алайда, кез келген жағдайға сақадай саймыз дейді.
«Ондай ауқымды шақыртуларға барып тұрамыз. Бірақ қауіптісі көп бола бермейді. Ең қауіптісі осы газ баллонның жарылғаны деп ойлаймын. Жұмыстан келгенше үйдегілер алаңдап отырады. Арасында хабарласып шақыртулар болды ма, болмады ма, деп сұрайды», – деді мамандандырылған жасақтың бөлімше командирі Данияр Мұхаметмолдаев.
Иа, «Антқа адалдық ардың ісі». Өмірін қауіпке тігіп, қалайда адамдарды құтқарамын дейтін мамандар бұл жұмысын азаматтық борыш деп санайтындарын айтады. Сонымен қатар, тұрғындарды барынша өрт қауіпсіздігін сақтауға шақырады.
Өмір Әнуарбек, Арсен Сандыбаев «Алматы» телеарнасы.