Алматыда барлық нысандарға жылу берілгенімен, кейбір көпқабатты үйдің тұрғындары осы күнге дейін пәтерлерінде бүрісіп отыр. Оларға желу неліктен жетпегенін Almaty.tv тілшісі біліп қайтқан еді.
Алатау ауданында жылусыз қалып жаураған жұрт электр қондырғыларымен жан бағып отыр. Суықтан денсаулықтары да сыр бере бастаған көрінеді. Ал үйге жауапты Пәтер иелері кооперативі жіберген сантехник құбырларда сығымдау жұмыстарын жүргізіпті. Бірақ нәтиже жоқ дейді тұрғындар.
«Мен оларды өзім күтіп алып, үйге кіргізіп, бәрін көрсеттім. Олар ауа шығару керек деді. Ауаны шығардым, әлі күнге дейін шығарып жатырмын. Бірақ суық су ағып жатыр. Батарея жылымайды. Жалғыз мен емес, осы үйдің 85 пайызында жылу жоқ», – дейді Алатау ауданының тұрғыны Марат Асанов.
Тұрғындардың кейбірі электрлі батареямен жылынса, басым бөлігі ас үйдегі пешті қосып амалдап отыр. Олардың айтуынша, плитаны үнемі қосып қою қауіпті. Сондықтан түні бойы ұйықтамай, оны бақылап отыруға мәжбүр.
Пәтер иелері кооперативінің мамандары олқылықтың себебін түсіндіруден бас тартты. Бірақ ұялы телефон арқылы кінәнің бәрін тұрғындардың өзіне артты. «Өзім де жылусыз отырмын» деген кооператив төрағасы «Қолымнан келгеннің бәрін жасадым» деп ақталды.
Негізі, көп қабатты үйдің жылу жүйелеріне техникалық қызмет көрсетуге тұрғындар ай сайын ПИК-ке ақша төлейді. Соған сәйкес, олар өз міндетін орындауы тиіс. Бірақ шын мәнінде, жылу жүйелерін қысқа ешкім дайындамайды дейді тұрғындар. Түйткілдің туындауы да осыдан. Амалы қалмаған пәтер иелерінің қала әкімдігіне арызданудан басқа амалы жоқ.
«86 жазбаша түрде шағым түсті. Әлеуметтік желілер арқылы 79 шағым түскен. Бұл шағымдардың бәрін біз алдық. Сол күні көрсетілген мекенжайлар бойынша шығып, жылуы жоқ үйлердің бәріне жылу қостырып жатырмыз», – деді қалалық Тұрғын үй саясаты басқармасының бөлім жетекшісі Жандос Қайырханов.
Ал әлі жылу берілмеген үйлердің тұрғындары коммуналдық мекеменің 8 (727) 341-07-77 анықтама қызметіне хабарласа алады.
Сымбат Ноғай, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы