Екі жыл бұрын облыс болып іргесі қаланып, бөлек отау тіккен Ұлытауға Үкімет басшысы арнайы барды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Халықты жылумен және ыстық сумен қамтамасыз ету азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатына, сондай-ақ өңірдегі жағдайға әсер етеді». Осылай деген Үкімет басшысы Сәтбаев қаласының 70 мыңға жуық тұрғыны үшін жылу және ыстық су көзі саналатын стансаларды аралады. Қазір мұнда күрделі жөндеу жүріп жатқан көрінеді. Жезқазғандағы жылу электр орталығы 65 пайыз тозған. Ал Сәтбаевтағы қазандықтардың 85 пайызы ескірген. Мәселемен жіті танысқан премьер облыс орталығындағы байыту фабрикасына да барды. Бір жылда шамамен 21,3 миллион құрғақ метрикалық тоннадағы мыс кенін қабылдайтын зауытта өндірілетін концентрат көлемі де артқан.
– Жылына 3,5 млн тонна кен өнімін қабылдайтын екінші блок флотация бөлімі реконструкциядан өтіп, іске қосылуға дайын. Қыркүйекте үшінші блокты іске қосуды жоспарлап отырмыз. Ескі құрылғыларды ауыстырып, жаңа технологияға көшсек, мыс өндіру сапасы арттады, – деді №1-3 Жезқазған байыту фабрикасы бас инженерінің міндетін атқарушы Марғұлан Әбдікеров.
Жұмыс сапарында Олжас Бектенов өндірістік нысандарды жаңғыртудың маңызын атап өтті. Бұл отандық тау-кен металлургия саласының дамуына елеулі серпін береді. Премьер-министр «мемлекет кәсіпорынды жаңғыртуға қолдау көрсетеді» деп атап өтті. Бұл ретте өндірісті әртараптандыру, өнім желісін кеңейту саясатының маңызы ерекше. Тек өндіріс емес, кездесулерде жырға айналған «Жезқазған – Қызылорда» автожолы да назардан тыс қалмады. Бүгінде аталған аумақты қалыпқа келтіру үшін 108,6 млрд теңгелік жұмыс бекітілген. 208 шақырымды реттеу үшін 4 мердігер ұйым анықталған.
– Қызылорда-Жезқазған республикалық тасжолы бойынша байқау аяқталды. Мердігер компаниялар анықталды. Жыл соңына дейін материалдарды дайындаймыз. Айналма жол салынатын болады. 208 шақырым жолды толықтай 2027 жылы аяқтаймыз. Жалпы 424 шақырым аумақ қамтылмақ, – деді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалының директоры Сұңғат Рақымжанов.
Айта кету керек, «Жезқазған – Қызылорда» автожолы – стратегиялық маңызы бар нысан. Ол өңірдің транзиттік әлеуетін арттыруға, сол арқылы облыс экономикасының дамуына және тұрғындарының тұрмыс деңгейін жақсартуға мүмкіндік береді. Осыны баса назарға алған Үкімет басшысы Көлік министрлігіне жұмыстың уақытылы аяқталуын мықтап тапсырды.
Алтынгүл Төлегенова, Наргиз Жанабекова, «Алматы» телеарнасы, Ұлытау облысы
Оқи отырыңыз: Апатты жатақхана: Атырауда бір бөлмелі пәтерде бірнеше отбасы тұруға мәжбүр