42500 теңге: Қайта өтініш беру үшін қандай құжаттар керек

Almaty.tv
Almaty.tv
Әлеуметтік төлемді алуға кімдер өтініш бере алады?
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Төтенше жағдай кезінде 42 500 теңгені алуға 2 мың алматылық қайта өтініш қалдырған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Енді қайта арыз тастайтындар үшін біраз өзгешеліктер бар. Олар үшін жеке басты растайтын құжат пен банктегі есеп-шот жеткіліксіз. Сонымен, әлеуметтік төлемді алуға кімдер өтініш бере алады? Қандай құжаттар керек? Байтеміровтер отбасы төтенше жағдай кезінде қаржыдан қысылып қалғандарын айтады. Уақытша табысынан қағылған Клара Байтемірова саудагер, жолдасы мен ұлы үй жөндеумен айналысады екен. Ал, әлеуметтік төлемді алуға жеке кәсіпкер ретінде тіркелгендігі кедергі болған. Алайда ол бес жылдан бері жұмыс істемей тұрған дейді.

«Біз де өткізгенбіз, берілмейді деген жауап келді.  Енді жарықтың  да, газдың да ақшасын төлей алмай отырмыз», – деді қала тұрғыны Клара БАЙТЕМІРОВА.

«Мен жеке кәсіпкерлікпен айналыстым. Белгілі себеппен 2015 жылы жұмысы тоқтаған еді. Бірақ жабылмаған болатын. Сол себепті  маған келген жоқ. Келіншегім де жеке кәсіпкерлікпен айналысты, қазір дүкені  жұмысын тоқтатқан. Әйеліме де, ұлыма да келген жоқ. Қызым бар мектепте оқитын. Біз қалай күн көреміз?», – деді  қала тұрғыны Еркін БАЙТЕМІРОВ.

Төтенше жағдай кезінде әлеуметтік төлем 42500 теңгені ала алмағандар қайта арыз тастауына болады. Ол үшін Әлеуметтік әл-ауқат басқармасына келу қажет. Онда өтінішті толтырып, жеке басты растайтын құжат пен уақытша жұмыстан айырылғанының туралы бұйрықтың көшірмесін өткізу қажет.

Сондай-ақ, қаржыны алу үшін банктегі есепшоттың нөмірі де қажет. Қалалық Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы жанынан құрылған жедел штаб өтініштерді жинап, кейін мемлекеттік корпорацияға жібереді. Айтуынша, олар күніне 300-ден астам адамды қабылдап жатыр. Егер арызды жұмыс берушілер тастайтын болса, онда тапсыратын құжаттар тізімі бөлек.

«Егер жұмыс беруші келетін болса, онда ол жұмысшыларының тізімін алып келеді. Өзінің мөрі мен қолы қойылған бұйрықтың негізінде арыздың нұсқасын әкеліп бізге өткізуі қажет. Министрдің бұйрығында кішкене өзгерістер енгізілген. Осы мәселе бойынша сол жерде қандай құжаттар керек екені айтылған», – деді қалалық Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы басшысының орынбасары Данияр ӘЛКЕБАЙҰЛЫ.

Мемлекет төтенше жағдай кезінде халыққа әлеуметтік қолдау көрсетіп жатыр. Пандемия салдарынан табысынан айырылған 441 мыңнан аса алматылық 42 500 теңгеге қол жеткізді. Жалпы төлемді алуға 898 мың өтініш жасалған. Сондай-ақ, аз қамтылған, осал топтарға коммуналдық төлемдерге 15 мың теңгеден беру қолға алынды. Оған түскен 198 мың өтінімнің 30 мыңы мақұлданған. Бұл  456 миллион теңге. Ал, қалған 119 мыңы тиісті құжаттарын өткізсе, оларға да төлем жасалатын болады.

Жадыра Омаржан, Қобылан Әлдибеков, «Алматы» арнасы


Новости партнеров