|
19.12.2023 | 20:24
1925

Жасөспірімдер арасындағы қылмыс 10 пайызға азайған

Елімізде 6 мыңнан астам ата-ана жауапқа тартылды

Жасөспірімдер арасындағы қылмыс 10 пайызға азайған Almaty.tv

Ювеналды полиция қызметкерлері Алматыдағы білім беру мекемелерінде алты мыңнан астам кездесу өткізген. Осындай іс-шаралардың нәтижесінде жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық 10 пайыз азайған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ювеналды полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылыққа ата-аналардың немқұрайлылығы себеп болатынын айтты. Жыл сайын елімізде 6 мыңнан астам ата-ана балаларына дұрыс тәрбие бермегені үшін жауапқа тартылады. Сондықтан мегаполисте ата-аналар мен жасөспірімдерге түсіндіру жұмыстары жиі өткізіледі.

– Отбасында зорлық-зомбылық фактілерін анықтау үшін республикалық, қалалық рейд жүргізіледі. Биыл 500-ден астам қолайсыз отбасын анықтап, оларды есепке алып, ай сайын тексереміз. Профилактикалық жұмыс нәтижесіз болған жағдайда, ата-аналардың құқығын шектеуге не айыруға іс-құжат жинаймыз. Ол ары қарай сотқа жіберіліп, не ата-ана құқығы шектеледі немесе мүлде айырылады, –  деді жергілікті Полиция қызметі басқармасының бөлім басшысы Жанна Шонжанова.

Қолайсыз отбасыларға ерекше көңіл бөлінеді. Өйткені аталған санатта қараусыз қалған балалардың қылмысқа бару ықтималығы жоғары. Ал тәртіп сақшылары жағдайды бақылап қана қоймай, оны түзетуге де көмектеседі. Берілген уақыт ішінде отбасы мүшелері жеткіншектің түзу жолға түскенін дәлелдесе, тіркеуден алынады.

– Бақылаушылар жиі келіп тұрады. Олардың келгені бізге ешқандай қолайсыздық тудырмайды. Қазір бәрі түзеліп келеді. Мәселе шешімін тауып, бәрі жақсы болатынына сенімдімін, – деді қала тұрғыны Эльмира Жанбакиева.

– Бұйрық бойынша айына бір рет санатына байланысты тексеру іс-шарасы жүргізіледі. Бүгін де бірнеше отбасыны араладық. Бұл отбасының кейбірінде  девиантты мінезді, ал кейбірінде мүмкіндігі шектеулі балалар бар.  Өз тарапымыздан қолдан келген көмекті көрсетеміз. Біздің басты міндетіміз – отбасыдағы бала құқығының шектелмегенін бақылау, – деді Жетісу ауданы жергілікті Полиция қызметі ювеналды полиция бөлімінің басшысы Алмас Матеев.

Алматыда 200-ден астам ювеналды полиция қызметкері кәмелетке толмағандардың құқығын сақтауды қадағалайды. Олардың айтуынша, мұндай профилактикалық іс-шаралар құқықбұзушылықтың азаюына да әсер еткен.  

Жансая Олжабек, Рустам Аралбаев, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Балам кісі өлтірген жоқ: күдікке ілінген жасөспірімге қатысты сот отырысы өтті

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир