Алматыда 42500 теңге алуға өтініш берген 11 адам өзге мемлекетке көшіп кеткен болса, енді 5 адамның өмірден өткендігі туралы құжаты бары анықталған. Бүгін бұл туралы қалалық Әлеуметтік әл-ауқат басқармасының басшысы Рахат Шимашева мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оның сөзінше, бүгінде бұл жәрдемақыны тағайындау әлі де жалғасып жатыр. Төлемді алған алматылықтардың көбі қаржыны азық-түлік алуға және несие, қарыздарын жабуға жұмсаған.
42500 теңгеге ие болған Эльмира Бөлекбаева қаладағы компаниялардың бірінде кадр бөлімінде жұмыс істеген. Бірақ бірнеше ай бұрын оның жұмысы тоқтап қалған. Содан бері әлі мардымды іс таба алмай әлек. «Елде жарияланған төтенше жағдай да тез арада жұмыс табуға кедергі келтіріп, жығылғанға жұдырық болып тұр» дейді ол. Өзін-өзі жұмыспен қамтитын және жұмысынан уақытша айырылған азаматтарға берілетін жәрдемақыны алуға кейіпкеріміз де өтініш тастаған. Соңғы 24 айда заңды түрде жұмыс істегендіктен оған 42500 теңге беріліпті.
«Маған бұл ақша әбден көмек болды. Шағын несиемді төледім, керек-жарақ затымызды алдық. Мен 4 сәуірде төлемді алуға арыз жібердім, 8 сәуірде мақұлданды деген смс-хабарлама келді. Келесі күні ақша шотыма түсті. Дәл қазір жұмыссыз қалған мен үшін айтарлықтай көмек болды. Сол үшін елімізге алғысымды білдіремін», – деді қала тұрғыны Эльмира БӨЛЕКБАЕВА.
Жалпы қала бойынша өтініш жолдаған азаматтар саны 800 мың адамнан асып жығылады. Оның 361 548-іне аталмыш жәрдемақы төленген. Бұл 15,4 млрд теңгені құрайды. Ал бұған дейін басқа да әлеуметтік төлемдерді ала тұра 42500 теңге алуға өтініш берген азаматтардың арызы кейін қайтарылады.
«Халықтың біразы осы жүйе жұмыс жасай ма, жоқ па деген мақсатпен осының растығын байқау үшін төлемге өтініш бергендер бар. Я болмаса іс құжаттарында зейнеткерлікке шығып отырып, я болмаса әлеуметтік түрлі көмекті алып отырып, осы 42500 теңгеге өздерінің өтінішін тсүірген азаматтар бар. Әрине, олардың 42500 теңгені алуға құқығы жоқ», – деді қалалық Әлеуметтік әл-ауқат басқармасының басшысы Рахат ШИМАШЕВА.
Сондай-ақ, басқарма басшысы осы төлемдерді тағайындайтын әлеуметтік сақтандыру қорына шет елге көшіп кеткен 11 адамның өтініш бергенін айтты. Бұдан бөлек тағы 5 адамның қайтыс болғаны туралы құжаттың бары анықталған.
Назкен Еркін, «Алматы» арнасы