Алматыда жүзге жуық кәсіпорын санитарлық-тазалық нормаларын сақтамаған. Қалалық кәсіпкерлік және инвестиция басқармасы мен санэпидемиологтар жұмыс жасауға рұқсат етілген мекемелерді аралап, тазалық нормаларының қаншалықты сақталғанын тексеріп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қалада жаңадан жұмысқа кіріскен мекемелердегі санитарлық талаптарды тексеру жұмыстары бір ай бұрын басталған. Бостандық аудандық кәсіпкерлікті және өнеркәсіпті дамыту бөлімінің мамандары мен санэпидемиологтар бастаған топ бүгінгі рейдті алғаш болып фотосалоннан бастады.
Келесі назарға ілінген нысан ломбард болды. Мұнда талаптар ішінара сақталыпты. Кірген адамға санитайзер де, тепловизор да бірден көзге түседі. Алайда мамандардың сөзінше, ең алдымен әр мекемеде коронавирустың алдын алу шараларын бақылап отыратын жауапты адам бекітілуі керек.
Ал бұл шаштараздың иесі барлық ереже сақталған деп бәйек болды. Нысанның ішінде қолға арналған антисептик, маска мен қолғап та бар. Қызметкерлерге арналған су ішетін диспенсер де қойылған. Тіпті бөлмені кварцтайтын ультракүлгін сәулесі де орнатылыпты. Мекеме иесі жұмысшылардың дене қызуын күніне бірнеше рет өлшеп, журналға тіркеп қойған.
Жалпы Алматы қаласының мемлекеттік санитарлық дәрігері бекіткен қаулысында карантин кезінде жұмыс істейтін мекемелер мына ережелер сақтауы тиіс. Мәселен, жауапты адамның бекітілуінен бастап, қызметкерлерді дене қызуы арнайы журналға тіркелуі керек. Сондай-ақ, ылғалды тазалық шараларын күніне кем дегенде 2 рет жасауы тиіс. Одан бөлек жұмысшалыра қорғаныс құралдарымен толық қамтылуы керек. Ал, келушілерге санитайзерлер мен антисептик ұсынылуы керек.
«Мысалы, 5-6 тармақ дұрыс орындалмаса біз ол объектіге дайын акты беріп жатқан жоқпыз. Оларды келесі күнге немесе жеке кәсіпкермен сөйлесіп жеке түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қайтадан әкімдікке өтінім бергеннен кейін біз ол объектіні қайтадан тексереміз», – деді Бостандық ауданы бойынша Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бас маманы Сәуле АЛПАМЫШОВА.
Жалпы бүгінде қаладағы кәсіпорындардың жұмысын бақылайтын 15 топ құрылған. Олар өткен аптада 91 заң бұзушылық анықтапты. Оның ішінде 58-і азық-түлік дүкені болса, 12-сі шаштараз, 8-і құрылыс алаңы мен 6-уы азық-түлік емес дүкені.
Назкен Еркін, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» арнасы
1. Мекеме басшысы коронавирустың алдын алу шараларына жауапты адамды бекітеді
2. Жұмысқа кіріспес бұрын жауапты тұлға күніне кем дегенде 2 рет қызметкерлердің дене қызуын өлшеп, арнайы журналға тіркейді
3. Респираторлық ауру белгілері бар қызметкерлерді жұмысқа қабылдамауы керек және қажет болса жедел жәрдем шақырады
4. Нысанға күніне кем дегенде 2 рет ылғалды тазалау жұмыстары жүргізілу керек
5. Дезинфекциялық сұйықтықты дайындау бөлек бөлмеде жүзеге асады және арнайы ыдысқа құйылып, сыртында аты, жарамдылық мерзімі көрсетілуі тиіс
6. Тазалық маманы міндетті түрде халат, медициналық қолғап, маска сияқты қорғаныс киімдерін киюі керек
7. Жұмыс орны кем дегенде 2 рет 15 минут желдетіліп тұруы керек
8. Қызметкерлердің жеке гигиенасына арналған санитайзер, жуғыш құралдары, қағаз сүлгілер болуы керек
9. Қызметкерлер қорғаныс киімдерімен қамтылуы тиіс
10. Антисептиктер қолжетімді жерде болуы керек
11. Қызметкерлер жұмыс орнында бір-бірінен кем дегенде 2 метр қашықтықта отыруы тиіс
12. Қызметкерлер мен келушілердің ара қатынасы барынша сақталуы керек
13. Қызметкерлерге арналған ауыз су диспенсерлері болуы керек
14. Қөлікпен қатынайтын қызметкерлер транспорт ішінде 1 метр қашықтықта отыруы керек және міндетті түрде маска киюі тиіс