Алматыда блок-бекеттер күшейтілген режимде жұмыс істеуде

Almaty.tv
Almaty.tv
Облыс тұрғындары төтенше жағдай режимінің аяқталғанын дұрыс түсінбей, көпшілігі қалаға өтпекші болған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда блок-бекеттер әдеттегідей күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Шаһарда карантин режимінің сақталуына байланысты, оқшаулану жағдайлары мен барлық шектеу шаралары жедел штабтың арнайы бұйрығына дейін алынбайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Облыс тұрғындары төтенше жағдай режимінің аяқталғанын дұрыс түсінбей, көпшілігі қалаға өтпекші болған.

Дәл қазір біз Алтын Орда базары маңындағы блок-бекетте тұрмыз. Мұнда облыс тұрғындары таңертеңнен бері қалаға кіруге тырысуда. Бірақ елде төтенше жағдай аяқталғанымен, Алматы қаласының периметрі бойынша барлық блок-бекеттердің жұмысы күшейтілген режимде жұмысын жалғастыруда. Шаһарға кіруге тек қана қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін ұйымдардың қызметкерлеріне ғана рұқсат етілген.

11 мамыр елде төтенше жағдай аяқталғанымен, Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырау және Маңғыстау қаласында карантин режимі сақталады. Осы орайда, індеттің таралу қаупі жоғары аймақтарда блок-бекеттердің жұмысы да әдеттегідей жалғаса бермек. Ал, бұған дейін, қала бойынша қозғалыс қайта жанданған кәсіпорындар мен ұйымдардың жұмысшыларына рұқсат етілген болса, енді облыс тұрғындарында жұмыс орнынан ресми анықтама қажет.

«Егер Алматы қаласында тұрып, Алматы облысында жұмыс істейтін азаматтар болатын болса, не болмаса Алматы облысында тұрып, Алматы қаласында жұмыс істейтін азаматтар болатын болса, оларға жұмыстарына баруға толықтай мүмкіндік бар. Оған ешқандай шектеу жоқ. 

Бірақ  талап бар. Ең алдымен  жұмыс беруші жұмыс істейтін азаматтардың тізімін жасауы керек. Ол тізім бойынша екі жақты штабтың азаматтарымен келісімге келу керек», – деді ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Ералы ТОҒЖАНОВ.

Ал, ем алуға немесе Алматыда тіркелген азаматтар үшін қалаға кіруге шектеу жоқ. Бірақ тиісті құжаттар болуы керек.

БЛИЦ:

– Немерелерім Қаскелеңде үйде болған. Балаларым қалада тұрады. Енді бүгін соны қайтарайық деп, соған келдік. Қазір балалар келеді өзі осы жерден алып кетеді. Ешқандай мәселе жоқ, өткіземіз деді.

– Қарасай ауданы, Райымбек ауылында тұрамын. Бүгін жұмыс орныма шақырған. Жұмыс орнымнан анықтама әкеліп тұрмын. Сол анықтамамен кіргізсе, жұмысқа барамын.

Бұған дейін де Алматының бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин блок-бекеттердің жұмысы тоқтамайтынын айтқан. Тек қалаға кіріп-шығу бойынша жеңілдетулер орын алғанымен, қалада лабороториялық орталықтардың санын арттыру қажеттігін де алға тартқан еді. Себебі коронавирустың қаупі сейілген жоқ.

«Қазір қалада блок-бекеттер жұмысы жалғасуда. Қашықтан термометрия жасалынып жатыр. Бірақ күн жылынуына байланысты, карантин тек көзбояушылыққа айналып, қала тұрғындары өзін-өзі  алдамаса екен деймін. Арқаны кеңге жаятын уақыт жеткен жоқ. Сақтық шараларын бұрынғыша қатаң режимде сақтау қажет. Олар: бетперде кию мен антисептикалық құралдарды пайдалану», – деді қалалық мемлекеттік бас санитарлық дәрігері Жандарбек БЕКШИН.

Алдағы уақытта Алматыда коронавирусты анықтайтын тағы да 2 лабороториялық орталық іске қосылмақ. Жалпы саны 9 зертхана келіп-кетушілердің қал-жағдайын тезірек анықтауға көмектеспек. Ал, қала басшылығы блок-бекеттерден өтем деушілерге барлық санитарлық норманы дұрыс сақтау қажеттігін ескертеді.

Аяулым Көлжігіт, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров