2026 жылдың 26 маусымында Қазақстанда 4 мыңнан астам жұп неке қиюға өтініш берген

Өтініш санына қарай Алматы қаласы көш бастап тұр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Соңғы жылдары жастар арасында есте қалатын күні шаңырақ көтеру үрдісі кең таралып келеді. Әсіресе, сандары қайталанатын немесе оңай жатталатын даталарға сұраныс жоғары. Соның бір дәлелі - 2026 жылдың 26 маусымына неке қиюға өтініш бергендердің саны 4 мыңнан асып кеткен, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Биыл елде ең көп неке қиылатын күн белгілі болды. Ол – 26 маусым. Бұл датаға республика бойынша 4 мыңнан астам жұп отау құруға ниет білдірген. Өтініш санына қарай Алматы қаласы көш бастап тұр, мұнда 830 өтініш тіркеліпті. Астана қаласынан 740 өтініш түссе, Шымкентте бұл көрсеткіш 141-ге жеткен. Расында, сандары ерекше үйлесетін күндер шаңырақ көтеретіндер арасында әрдайым сұранысқа ие. Олардың таңдауын психолог мамандар былай түсіндіреді.

«Жастар көп жағдайда әлеуметтік желіге қарап, датаны таңдайды. Олар «бақытты, өмірі өте әдемі болады» деп ойлайды. Шын мәнінде, датаның ешқандай қатысы жоқ», – деді психолог Лимана Қойшиева.

Бұл үрдіс жайлы қала тұрғындарынан да сұрап білдік.

«Датаға байланысты емес-ау. Бірақ тренд болып жатыр, үйленсін қандай дата болса да», – деді қала тұрғыны Бақтыгүл Қасымбекова.

«Әркімнің сеніміне байланысты болар. Қай күнге сәйкес келеді, сол күні үйлене берсе болады деп ойлаймын», – деді қала тұрғыны Толқын Арынова.

 Елде неке қию көрсеткішімен қатар, ажырасу деңгейі де төмендер емес. Ресми деректерге сәйкес, 2024 жылы елімізде 123 мыңнан астам неке тіркелсе, ажырасу саны 40 мыңнан асқан. Ал өткен жылы 116 мыңға жуық жұп шаңырақ көтергенімен, 45 мыңнан астам отбасы ара қатынасын үзген. Некеде тұру ұзақтығына қарай қарастырғанда, ажырасудың ең үлкен үлесі отау құрғандарына 1-4 жыл болған жұптарға тиесілі. Ал 5-9 жыл бірге өмір сүргендер арасындағы ажырасу көрсеткіші 24 пайыз.

«Отбасылық ажырасудың бірден-бір себептері бір-бірін естімеу деп айтар едім, ең бірінші. Әрқайсысы өзінікін дұрыс деп есептеуі мүмкін. Мысалы, адам көп жағдайда отбасы үшін, отбасын сақтап қалу үшін шыдау керек деген ұстаныммен бірге өмір сүрсе, онда бұл ұзаққа бармайды.Қазіргі жастар көп жағдайда бір-бірін үйленгеннен кейін танып-біліп жатады», – деді психолог Лимана Қойшиева.

Айта кетейік, биыл неке қию көрсеткіші бойынша Алматы, Астана, Түркістан, Қарағанды облыстары мен Шымкент қаласы көш бастап тұр. Статистикаға сәйкес, биыл бірінші тоқсанда Қазақстанда 21 мың 351 неке тіркелген.

Мәди Бижан, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, Астана

Ои отырыңыз: Алматыда бейнекамералардың көмегімен 4,5 мыңнан астам қылмыс ашылды