Алматыда бейнекамералардың көмегімен 4,5 мыңнан астам қылмыс ашылды

Ресми дерекке сүйенсек, шаһарда 750 мың автокөлік тіркелген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда жыл басынан бері бейнекамералардың көмегімен 4 жарым мыңнан астам қылмыстың беті ашылған. Бұл – қалалық Полиция департаменті таратқан мәлімет. Бүгінде қалада жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 200 мыңға тарта бейнекамера жұмыс істейді. Олардың 10 мыңға жуығы жасанды интеллект технологиясымен жабдықталған, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Алматы – көлік көп шоғырланған қалалардың бірі. Ресми дерекке сүйенсек, шаһарда 750 мың автокөлік тіркелген. Ал күн сайын өзге өңірлерден тағы 400 мыңға жуығы кіріп-шығады. Бұл көрсеткіш артқан сайын жолдағы тәртіп бұзушылық та көбейетін көрінеді. Мамандардың айтуынша, жыл басынан бері мегаполисте 1 миллион 400 мыңға жуық жол ережесін бұзу фактісі тіркелген. Құқық бұзушылықтың басым бөлігі жылдамдықты асыру, бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кету және жол белгілерін елемеуден болады.

«Жылдың басынан бері қала көшелерінде 1млн 400 ге жуық жол жүру ережесін бұзу дерегі тіркелді. Олар бейнекамералардың көмегімен және патрульдік полиция қызметкерлері анықтаған. Көп кездесетін жол жүру ережесін бұзу деректері – жылдамдықты асыра пайдалану, жол белгілеріне бағынбау, бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кету, сонымен қатар маневр тәртібін бұзу, авариялық жағдайлар тудыру», – деді ¤Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуде бейнекамералардың рөлі артып отыр. Бес ай бұрын қалада 186 мың камера болса, қазір олардың саны 200 мыңға жеткен. Ал олардың 10 мыңға жуығы жасанды интеллект технологиясымен жабдықталған.

«Жолда орналасқан бейнекамералардың көмегімен жылдың басынан бері 4,5 мыңға жуық қылмыстың беті ашылды. Жылдан жылға бейнекамера саны артып келеді, мысалы 5 ай бұрын 186 мың болса, қазір 200 мың бейнекамера бар. Олардың арасында жасанды интеллект функциясы орнатылғандары бар», – деді Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Қаладағы қауіпсіздікті арттыру мақсатында жүзеге асып жатқан жүйелі жұмыс жемісін беруде. Дегенмен мегополис тұрғындарының ішінде бейнебақылаудың көбейгенін қолдайтындармен қатар, құптамайтындар да жоқ емес.

«Қазіргі уақытта пайдасы өте көп. Қалада жол жүру ережесі жақсы сақталып отыр. Өйткені жүргізушілер тәртіпке бағынады. “Тәртіпке бағынған құл болмайды” дейді, бейнекамера арқылы қателіктер түзеліп жатыр», – деді қала тұрғыны Сержан Әбдібай.

.«Камералардың қойылуына бейтарап қараймын. Неге? Бір жағынан дұрыс деп те санаймын. Көлік жүргізушілер жол ережесін сақтайды. Ал екінші жағынан, жүргізуші ө әр жақтан камера түсіріп тұрса, өз-өзін ұстай алмай қалады, яғни сасқалақтап телефон қолына алып қалуы да мүмкін», – деді қала тұрғыны Назерке Ізтай

Темір тұлпар тізгіндеген жүргізушілер үшін тәртіпті сақтау бірінші орында. Осы орайда құқықбұзушылықты анықтауда бейнекамералардың үлесі орасан. Ал мамандардың айтуынша заңға бағынып, ережені қатаң сақтасақ жол ахуалы тұрақты болмақ.

Ербол Медетбек, Мейрам Исабеков

Оқи отырыңыз: Бір бөлмелі пәтерге 990 адамды заңсыз тіркеген баспана иесі сотталды