Алматылық Эдуард Куколев есімді азаматқа туыстары іздеу салды

Almaty.tv
Almaty.tv
Алматы облыстық полиция департаменті бұл іске қатысты іздеу жұмысы басталғанын хабарлады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы қаласының тұрғыны Эдуард Куколев есімді азаматқа туыстары іздеу салды. Ата-анасының айтуынша, ол екінші топтағы мүгедек. Жақындары оны белгісіз біреу мәжбүрлеп ұстап отыр деп қауіптенеді. Құзырлы орган өкілдеріне 1 ай бұрын арыз түсірсе де, еш нәтиже жоқ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

34 жастағы Эдуард мүмкіндігі шектеулі жандарды еңбекпен қамтуға арналған арнайы орталықта жұмыс істеп келген. Шамамен 1 ай бұрын жұмысқа кетіп, үйіне қайтып оралмапты. Ата-анасы оның ақыл-есі дұрыс, тек құлағы мен тілінде мүкістігі барын айтады.

– Баламыздан хабар ала алмай отырғанымызға 1 айға жуықтады. Құлағы тек 35 пайыз естиді. Сол себепті аппаратпен жүруге мәжбүр. Ендігі оның қуаты да бітіп қалған болар. Балама уақытылы ем қабылдап, дәрілерін ішу керек. Олай болмаған жағдайда құлағы мүлде естімей қалуы мүмкін, – деді Э. Куколевтың анасы Марина Куколева.

Қаладан шамамен 50 шақырым жердегі Қарасай ауданында із-түссіз жоғалған 34 жастағы Эдуардтың жұмыс істеген орны орналасқан. Яғни мұнда Эдуард секілді ерекше жандар жұмыс істейді, еңбек етеді. Азамат 20 маусым күні осы аймақта жоғалған. Сол оқиғадан кейін мекеме жұмысын тоқтатқан. Қазір есігі жабық тұр.

Жарымжандарды жұмыспен қамту талабына сәйкес, оларды көлікпен апарып-әкелу қызметі де қарастырылған. Сол күні Эдуардты үйіне жеткізуі тиіс көлік жүргізушісі әдеттегі уақытынан кешігіп келген көрінеді. Себебі бірнеше жерде жұмыс істейді.

– Емханаларға жуылған заттарды тасимын, кептелісте тұрып қаламын. Сондай кезде ол ешқашан ешқайда кетпейтін. Мені күтіп жүретін қақпаның алдында. Кешігіп келсем де алдымнан шығатын бала құсап, – деді көлік жүргізуші Қуаныш Ахметжанов.

Сол күні Эдуардты жұмыстан кейін ешкім көрмепті. Мекеме басшылығының айтуынша, орталықта бұған дейін мұндай жағдай тіркелмеген. Нысан іші мен ауласына бейнебақылау камерасы да орнатылмапты. Ал болған жағдай қызметкерлердің салғырттығынан болды деп отыр.

– Сол күні мен командировкада болғам. Сағат 20:00-де жұмыс біткен. Содан кейін ауладан шығып кетіп қалыпты. Негізі ол ойына келген жаққа жүріп кететін адам емес. Оны біреу шақырып алып кетті деп болжап отырмыз, – деді мүгедектер қоғамдық бірлестігі басшысының орынбасары Қасым Қадырбеков.

Алматы облыстық полиция департаменті бұл іске қатысты іздеу жұмысы басталғанын хабарлады. Азаматтың бойы 155-160 см шамасында. Дене бітімі қалыпты, қара шашты, аққұба жігіт. Туыстары үйден шығар кезде үстінде ақ жейде, сұр түсті шалбар кигенін айтады. Оны көрген жандар болса экрандағы телефон нөмірлеріне хабарласуды сұрайды.

Ұлағат Арғын, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров