Елеусіз қалған елдімекен: Арқабай ауылының тұрғындары көгілдір отынға зәру

22.08.2023 02:01

Оқушылар 5 шақырым жерде орналасқан көрші ауылға қатынап оқиды

Almaty.tv

Елеусіз қалған елдімекен. Алматы облысы Арқабай ауылының тұрғындары өркениеттен адамыз деп шағым айтты.

Талғар ауданына қарасты Арқабай ауылының тұрғындары «арқамызды кеңге салып жүре алмаймыз, уайымымыз көп» дейді. Олардың басты арманы – көгілдір отынға қол жеткізу. Бірақ шағымды тыңдайтын басшы жоқ.

– Елеусіз қалған елдімекенде тұрамыз. Мәселе көп. Айтсақ, ешкім тыңдамайды, – дейді Арқабай ауылының тұрғыны Гүлшат Айнабаева

Тұрғындардың айтуынша, көмір мен отын бағасы жыл сайын қымбаттап жатыр. Қыстан қысылмай шығу үшін кем дегенде 200 мың теңге қаражат қажет. Бұл көпбалалы отбасы мен зейнеткерлердің қалтасына салмақ түсіреді.

– Қысқа көмір үшін 120-150 мың теңге жұмсаймыз. Одан бөлек, ағаш отын керек. Оларды ертерек, мамыр-маусымда алып қоямыз. Өйткені жаздың соңына немесе күзге қарай бағасы шарықтап кетеді. Мен өзім екінші топтағы мүгедекпін. Алатын зейнетақым жетпей қалып жатады, – дейді  Арқабай ауылының тұрғыны Любовь Крючкова.

Панфилов ауылдық округі әкімдігіндегілер елдімекенге газ тарту мәселесі қаралып жатқанын айтты. Негізі мәселені 2019 жылы қолға алған.

Арқабай ауылына қарасты газ мәселесіне мемлекет тарапынан 207 миллион теңге қаражат бөлініп, «КазРЭМСтрой» компаниясы жұмыс істеп жатыр. Мердігер компания келісімшарт бойынша жылдың соңына дейін жұмысын аяқтауы керек. Құбырға газ жіберілгеннен кейін, қоса бастаймыз, – деді Панфилов ауылдық округінің әкімі Дулат Дәулетәлиев.

Газ тұрмақ, тұрғындар үшін жарық та өзекті. Әкімдіктегілер оның да оң шешімі бар деп сендірді. Арқабайлықтарды алаңдатқан тағы бір түйткіл мектеп пен балабақшаның жоқтығы. Оқушылар 5 шақырым жерде орналасқан көрші ауылға қатынап оқиды.

– Бір үйде бес баладан бар. Не балабақша, не мектеп жоқ, – деді Арқабай ауылының тұрғыны Гүлшат Айнабаева.

Жергілікті билік «білім ошағын салу үшін мектеп жасындағы балалар саны 300-ден асуы керек» дейді. Ал елдімекенде 100-ге жуық оқушы бар.

Гүлмарал Изатқызы, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Ипподромға жарымадық: атбегілер жанайқайын жауапты министрлікке жолдайтынын жеткізді