Алматыда жоғары сұранысқа ие мамандар белгілі болды

Алматыда жоғары сұранысқа ие мамандар белгілі болды
Биыл қалада 29 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткен
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда жүргізуші, менеджер және қонақ үй қызметкерлеріне сұраныс жоғары. Бұл қалада алғаш өткен жалпықалалық бос жұмыс орындары жірмеңкесінде белгілі болды. Мұнда маман іздеп 100 мекеме өкілі келді. Олардың сұраныстары бойынша 500 жұмысшы қажет екен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
 22 жастағы Балнұр Данабек жәрмеңкеге жұмыс іздей келген. Егер табылса,  өз мамандығы бойынша еңбек етуді қалайды. Технолог маманының қолында техникалық университеттің дипломы бар. Оқуды жаңа бітірген ол енді қызметті осы шарада вакансияларын ұсынып отырған жұмыс берушілерден тапсам деп отыр.

«Мамандығым – сүт және сүт өнімдері технологы. АТУ-дағы дәріс оқитын мұғалімдерім осы жерде бос жұмыс орындары жәрмеңкесі болып жатыр деп айтты. «Мүмкін өз мамандығың бойынша жұмыс тауып қаларсың» деді. Бағымды сынау үшін келдім», – дейді студент Балнұр ДАНАБЕК.

Жұмыспен қамту орталығы мамандары жәрмеңке туралы хабарландыруды жүйеде жұмыссыз ретінде тіркелген 35 мың азаматтың телефонына хабарландыру жіберген. Сондай-ақ 1000 тұрғынға қоңырау шалып құлаққағыс еткен. Жәрмеңкеде екі қолға бір күрек іздеп келгендердің қарасы қалың. Олар мұнда жұмыс берушілердің талаптарын тыңдап, түйіндемелерін таратты. Шараға келгендердің дені жастар.

«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 - 2021 жылдарға арналған бағдарлама аясында жастар тәжірибесі, әлеуметтік жұмыс орындары және қоғамдық жұмыс сынды бағдарламалар іске асырылып жатыр. Одан бөлек, қысқа мерзімді қайта даярлау курстары да жұмыс істейді», – дейді Алматы қаласы Жұмыспен қамту орталығы тұрақты жұмыс орындары бөлімінің маманы Динара БИСЕНОВА.

Жәрмеңкеге 100-ге жуық компания қатысып, жұмыс іздеушілерге 500 бос орынды ұсынды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, кәсіпорындар тарапынан әсіресе жұмысшы мамандығына сұраныс жоғары. Жәрмеңкеде ұсынылған вакансия арасында жүргізуші, менеджер және қонақ үй қызметкерлері бар.

«Қазір көп мекемелерді электронды еңбек биржасына тіркеп жатырмыз. Ашық жұмыс орындарыңыз болса, міндетті түрде вакансия аштырамыз. Сол арқылы жұмыс іздеп жүрген адамдар болса, үйінен шықпай компьютерде https://www.enbek.kz деген сайттан жұмыс қарай алады. Болмаса, бізге жұмыспен қамту орталығына келіп, тіркелуіне болады», – деді Алматы қаласы Жұмыспен қамту орталығы тұрақты жұмыс орындары бөлімінің басшысы Фархат САПАРОВ.

Бос жұмыс орны жәрмеңкесі 55 адамның қажетіне жарады. Олар тұрақты жұмысқа жолданған. Биыл қалада 29 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткен. Жұмыспен қамту орталығы жыл аяғына дейін 4 осындай шара өткізуді көздеп отыр.


Перизат Көмекбайқызы, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров