Алматыда жаңа троллейбустар қатары арта түспек. Қала әкімдігінің хабарлауынша, жыл соңына дейін тоқпен жүретін қоғамдық көліктің тағы бір партиясы келеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ішіндегі әр отырғыштың жанында ұялы телефонды қуаттап алатын тетік бар. Бірінші келген 55 троллейбустің қазір 30-дан астамы жолаушы тасып та жүр.
– Ескі троллейбустарға қарағанда, байқағаным, жұмсақ жүреді. Отыратын орындар азырақ көрінді. Бірақ бір жағынан ол да дұрыс шығар. Тұруға орын көп болса, көп адам сыяды, – деді қала тұрғыны Ерсін Нағашыбай.
– Дизайн өзгергені бірден байқалады. Маған қатты ұнады. Ішінде де біраз өзгеріс бар. Жолаушыларға барлық жағдай қарастырылған, – деді қала тұрғыны Малика Саттарова.
Жауаптылардың айтуынша, жаңа троллейбустардың тағы бір артықшылығы – жарты жолда қалдырмайды. Яғни, тоқ желісінен ақау шықса тоқтамайды.
– Апатты жағдайда, жолда апат болса, айналып өте береді. Бұрынғы троллейбустар тұрып қалатын, ал жаңа келген көліктерде аккумулятор бар, – деді№1 троллейбус паркінің электр маманы Ерғани Ахметов
Жауаптылардың айтуынша, 55 жаңа троллейбустің қазір 35-і іске қосылған. Жыл соңына дейін тағы бір партиясын әкелу жоспарланып отыр.
Оразай Нұртайұлы, Хангелді Ахметхан, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Алматыда қала маңына қатынайтын жаңа бағыт ашылады