Еліміздегі барлық шағын және орта бизнес өкіліне QR-код орнату міндеттеледі

19.05.2022 в 19:53

Алматыда 55 мыңнан астам кәсіпкер «cалық төлеушінің» паспортын алды

Almaty.tv

Алматыда жыл басынан бері 55 мыңнан астам кәсіпкер «cалық төлеушінің» паспортын алды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл QR-код тұтынушылардың құқығын қорғауға мүмкіндік береді. Енді сатып алушылар кәсіп иелеріне көңілі толмаған жағдайда оны сканерлеу арқылы арыз-шағым түсіре алады. Ауқымды жобаны Мемлекеттік кірістер комитеті бастапты.  Еліміздегі барлық шағын және орта бизнес өкіліне QR-код орнату міндеттеледі.

Әдетте көпшілік қандай да бір тауар сатып алар кезде сатушыдан фискалды түбіртек талап етпейді. Ал касса чегін бермеу ең алдымен кәсіпкер үшін тиімді. Сол арқылы ол табысын жасырып, салық төлемейді. Осылайша, көлеңкелі экономиканың үлесі артады. Қазір дүкендер мен сауда желілеріне қойылып жатқан бұл бастама осы заңсыз айналымның жолын кесуге ықпал етеді.

«Атамекен» кәсіпкерлер ұлттық палатасына бизнес субъектілері мен тұтынушылар тарапынан қызмет көрсетуге қатысты шағымдар көптеп түседі. Мемлекеттік кірістер комитеті қолға алған бұл бастама арқылы біз сол арыз-шағымдардың бәрін бір цифрлық жүйеге біріктіруді көздеп отырмыз. Осылайша, кәсіпкерлер туралы ақпарат бір базада жинақталады. Бұл әлдеқайда тиімді», – деді «Атамекен» ҰКП басшысының орынбасары Әскербек Насанбаев.

Ал мынау -  салық төлеуші кәсіпкерлердің паспорты. Егер саудагер төлемді банк картасымен қабылдаудан бас тартса, фискалды чек бермесе не болмаса алкоголь өніміне лицензиясы болмаса,  тұтынушыға ұялы телефонның көмегімен QR-кодты сканерлеу арқылы шағым түсіруге болады. Ары қарай Мемлекеттік кірістер департаментінің мамандары арыз бойынша шара қолданады.

«Бұл міндеттеме қоғамдық тамақтандыру және сауда саласында жұмыс жасайтын кәсіпкерлерге тиесілі болып келеді. Мұнда келесі ақпараттар болуы керек: ЖСН, БСН. Салық төлеушінің мәртебесі, Кассалық аппарттың нөмірі және  алкоголь өнімін лицензиялайтын ақпараты», – деді Мемлекеттік кірістер департаменті түсіндіру жұмыс басқармасының басшысы Айжан Бекеева.

«Салық төлеушінің» паспорты елімізде 1-наурыздан бастап енгізілді. Бүгінге дейін оны қаладағы 55 мыңнан астам шағын және орта бизнес өкілдері өз дүкендеріне қойып үлгерген. Кәсіпкерлер оны тегін орната алады. Толық ақпаратты Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтынан немесе мамандардың көмегіне жүгіну арқылы алуға болады.

«Мен кәсіпкер ретінде салық төлеушінің төлқұжатын иелендім. Бәрін онлайн режимде 5 минуттың ішінде рәсімдеп үлгердім. Өте ыңғайлы әрі қолжетімді», – деді кәсіпкер Жанна Әбдікерімова.

Мұндай QR-код орнату барлық кәсіпкерлер үшін міндетті емес. Бизнес иелері оны тек өз қалаулары бойынша орната алады. Десе де, мұндай жеңілдік тек 2023 жылға дейін ғана беріліп отыр.

Ұлағат Арғын, Рустам Аралбаев, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы