Солтүстік Қазақстан облысын қызыл кітапқа енген қызғылт бірқазандар мекендей бастаған. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, қанаттылардың дәл осы түрін бұрын өңірде ешкім көрген емес. Ең қызығы пеликандар қоқыс үйінділерін паналайды екен. Соған қарағанда қорек тапшы ма деген сұрақ туындайды. Сирек құстарға шынымен де қауіп төніп тұр ма? Мамандар мен тұрғындар пікірін өңірдегі Almaty.tv тілшісі Диана Есім жинап қайтқан еді.
Смирново ауылында қызғылт бірқазандардың үлкен тобы қоныстанды. Ерекше құстар солтүстік өңірдің тұрғындарын назарсыз қалдырмады. Қызыл кітапқа енген қанаттыларды көру үшін адамдар тіпті басқа аудандардан да келіп жатыр.
Блиц:
- Қызғылт бірқазандарды көрейін деп әдейі келіп отырмын. Шынымен, өте әдемі құстар.
- Құстардың қоқыс үйінділерінде жүрген себебі тамақтанатын қореқ жоқ. Көлдерде су әлі ерімей тұр, сол себептен қоқыстың маңында мекендеп жүр.
- Бірқазандарды көру үшін адамдар әдейі басқа аудандардан келіп отыр. Таңқаларлық, мұнда олар ешқашан болған емес.
Ауыл тұрғындары жабайы құс қырылуы мүмкін деп алаңдаулы. Ал мамандар тиісті азық-түлікті құстар өздері-ақ аулап, тамақтанады, оларға ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ деп сендірді.
«Қоректің болмауы тұрғысынан ешқандай қауіп жоқ. Құс өз тамағын қайдан табуға және қалай әрекет етуге болатынын біледі. Бүгінгі таңдағы ақпаратқа сәйкес, онда 20-ға жуық бірқазан қалды. Бұл құстар одан әрі қоныс аудара бастайды дегенді білдіреді. Мүмкін, бір жерде көбірек су пайда болып, тоғандар ашылған шығар, сондықтан құстар кетіп қалды. Облыс аумағында бірқазандардың негізінен бұйра түрі тоқтап, жаз бойы мекен етеді. Ал бүгінде Смирново аумағында мекендеп жүрген ол қызғылт бірқазандар», – деді СҚО Орман және жануарлар дүниесі инспекциясы бөлімінің басшысы Олег Беспалов.
Мамандардың сөзінше, келген құстардың саны шамамен 100-ден асады. Айта кеткен жөн, соңғы 10 жыл ішінде қызғылт бірқазандардың солтүстікке қоныстануының екі жағдайы ғана тіркелген.
Диана Есім